Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өңірлік жоғары оқу орындары арасында алғаш рет бизнес-аналитика курсы өтті, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Қатысушыларға Power BI тренері Асия Кажденова өз тәжірибесімен бөлісіп, заманауи әдістің артықшылықтары, қолдану салалары мен білім беру саласындағы тиімділігін айтты.
Семинар – университетті деректер арқылы басқару мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды. Бүгінде бұл әдіс мұнай-газ өнеркәсібі, ГМК секторы, банк және телекоммуникация салаларында кеңінен қолданылады.
Үш күндік семинар барысында құрылым басшылары мен оқытушылар Power BI көмегімен күрделі деректерді жинақтап, оларды түсінікті графиктер мен диаграммалар түрінде көрсетуді меңгерді. Бұл университеттің негізгі көрсеткіштерін жылдам әрі тиімді талдауға жол ашады.
«Power BI-дің университет қызметкерлеріне берер артықшылықтары көп. Атап айтсақ, деректерді талдау, шешім қабылдау, жоспарлау және есеп беру жұмыстарын тиімді әрі уақытты үнемдей отырып жүргізуге мүмкіндік алады», – деді Стратегиялық даму және IT жөніндегі проректор Махмұт Томанов.
Семинарға оқу орнының құрылым басшылары, профессор-оқытушы құрамы қатысып, цифрлық технологияны жоғары білім саласында қолданудың әдіс-тәсілдерін үйренді. Қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<