Алтынбек Сейдахметұлы 1914 жылы ауқатты шаруаның отбасында дүниеге келген. Соғыс басталысымен әскерге шақырылып, 1941 жылы маусым айының 23 жұлдызында майданға аттаныпты. Орысша бастауыш білімі болғандықтан, кіші командирлер дайындайтын курста әскери білім алып, соғысқа қатысқан. Майданда көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», «Даңқ» орденімен, «Кенигсбергті алғаны үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Әскери зауытты аман алып қалуда көрсеткен қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалін және жоғары бас қолбасшы И.В.Сталиннің алғыс хатын алған.
Соғыс аяқталғаннан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ерекше бөлімінде қызмет атқарған. Жарақатына байланысты елге қайтарылғаннан соң, халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласқан. 1950 жылы Орал қаласында партия, совет қызметкерлерінің білімін жетілдіру курсында оқыған. Колхоз төрағасы, орынбасары, ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін атқарды. Сол кездегі үзеңгілес жолдастары, қызметтестері Мықан Есмағамбетов, Әбіл Қоңыратбаев, Қараман Еспанов, Есенжол Талқанбаев, Ыбырахым Таңрықбаев, Текзада Махамбетовтің естеліктері әлі күнге көптің есінде.
– Алтынбек Сейдахметұлы қай нәрсенің де әділін айтатын еді. Ағайынды бөлмейтін, сол қасиеттерінің арқасында елге сыйлы болды. Ренжіскен кісілерді татуластырып, ел ішіндегі жағдайдың бәріне араласып отыратын.
Колхозшы болып таңның атысы, күннің батысы еңбек еткен ауыл тұрғындары зейнетке шыға алмай жүрген кезде анықтамалар жинап, бұрынғы колхозшылардың зейнетақы алуына жәрдемдесті. Осының өзі ол кісінің сауаттылығын, адамгершілігін көрсетті.
Үй-жай салып, бау-бақша, саялы ағаш екті. Ауылда арық қазу, тазалау жұмыстарын ұйымдастырды. Қазіргі Шиелі ауданына қарасты «Бірлестік» ауылының тұрғындарына ағаш көшеттерін таратып, ауылды көркейту-көгалдандыру шараларына өз үлесін қосты.
Жұбайы Жақсыгүл мінезі жұмсақ, мейірім-шуағы мол кісі болатын. Жолдасының атын атамаушы еді. Жарықтық үлкенге ізет, кішіге құрмет етумен 1988 жылы дүниеден өтті.
Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз туралы, өзінің әкесі Сейдахмет атамыздан естіген-білгенін бізге айтушы еді. Бабаларымыздың елдің биі, текті тұлға болғанын құлағымызға құйып отыратын. «Дала комиссары» атанған халық комиссары Әліби Жангелдиннің Құдайберген бабамыздың туған жиені екенін естіп-білдік. Арқадағы ағайындар туралы біраз мағлұмат алдық. Ол кісі өз заманының озық ойлы, білімді, ақыл-парасаты мол азаматы болды. 1984 жылы 70 жасында дүниеден өтті. Соңында үш ұлы, үш қызы, немерелері қалды. Бәрі де өмірден өз орындарын тауып, өсіп-өніп, үлкен әулетке айналды. Ағамыз тарихи тұлғалар қатарына ілініп, қаламыздың орталығынан көше аты берілді.
Жүзбай ТАҢРЫҚБАЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі





