Өрт қауіпсіздігі – басты назарда

590

0

Облыста жылу беру маусымына байланысты өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, тұрғын-үй секторларына арнайы дабыл қаққыш қондырғы орнатылып, облыс тұрғындарына қауіпсіздік ережелері күнделікті түсіндірілуде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрсұлтан Ибрагимов хабарлады.

– Бүгінде тұрмыстағы өрттің алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен бірге күнделікті рейд жұмыстары ұйымдастырылуда. Жалпы өңірде былтырғы жылмен салыстырғанда өрттің тіркелу деңгейі 36 пайызға азайып отыр. Бүгінгі күнге дейін облыс тұрғынына арнайы үнпарақтар таратылып, үгіт-насихат жұмыстары өткізілуде. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады, – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нұрсұлтан Ибрагимов.

Брифинг барысында балық аулау кезіндегі сақтық шаралары да айтылды. Сала мамандарының айтуынша, биыл балық аулау кезінде 11 адам құтқарылған.

– Балық аулау кезінде қарапайым ережелерді сақтау маңызды. Себебі, су айдындарындағы белгіленбеген орындарда балық аулау адам өміріне қауіпті. Биыл облыс көлемінде «Балық шаруашылығы инспекциясының» қызметкерлерімен бірлесіп, профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында заңсыз балық аулаудың 419 дерегі тіркеліп, айыппұл салынды, – деді Асхат Тоғызбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<