Бүгінгі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өртке қауіпті кезеңге дайындық барысы талқыланды.
Аймақ басшысы аталған мәселе бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.
«Өздеріңізге белгілі, Қостанай, Абай облыстарында болған орман өрттеріне байланысты Мемлекет басшысы өзекті мәселелерді айқындап, бірінші кезекте орман шаруашылығы мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруды тапсырды. Облыс аумағында өрттің алдын алуға және болдырмауға мүмкіндік жеткілікті. Синоптиктер болжамына қарасақ, мамыр айында Қармақшы ауданында атмосфералық құрғақшылық, Шиелі ауданында қалыпты құрғақшылық күтілуде. Жауын-шашын тапшылығы болуы, ауа температурасының жоғарылауы мүмкін. Сондықтан ауа райы болжамына үнемі бақылау жасап, сақтық шараларын қабылдауды тапсырамын», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2022 жылдан бері 1 млрд. 544 млн теңге бөлініп, 2021-2023 жылдары 6 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. Биыл 77,1 млн.теңгеге 28 мотоцикл, 5 орман отырғызу агрегаты, 15 навигатор, 4 мотопомпа, 26 байланыс құралы алынбақ.
Өртке қауіпті кезеңде шалғай елді мекендердегі өрт сөндіру бекеттері жұмысын үйлестірудің маңызы зор. Себебі аудан орталығынан өрт сөндіру қызметі жеткенше, қолдағы бейімделген құралдармен әрекет етуге мүмкіндік бар. Нұрлыбек Машбекұлы өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендердегі бекеттер мен ерікті құрылымдардың нақты жұмыс жасауын қадағалауды тапсырды.
Жиын қорытындысымен қала, аудан әкімдеріне елді мекендерде құрылған өрт сөндіру бекеттерін бейімделген ғимаратпен, құрал-жабдықтармен жарақтандыру міндеті жүктелді. Қызылорда қаласы мен Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары әкімдері пирс (өрт болған жағдайда су алу орны) құрылысына жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлуді пысықтауы тиіс.
Мұнан бөлек, «2021-2025 жылдары мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде кезең-кезеңмен өрт бекеттерін құру» жоспарына сәйкес, Сырдария ауданының Шіркейлі және Ақжарма ауылдық округтерінде бекет ұйымдастыру қажет. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына орман қоры жерлеріне жаңа минералдық жолақтар жүргізу, ескі минералдық жолақтарды қайта қалпына келтіру жөнінде тапсырма берілді. Орманда және алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтау, алдын алу үшін арнайы мобильді топтар құрылатын болады.
Еске салсақ, Қызылорда облысы аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 7 млн. гектар, оның 3,8 млн. гектары – орманды алқаптар.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<