Өрттен зардап шеккендерге салынатын үйлер инфрақұрылыммен толық қамтылады

621

0

Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге салынатын үйлер қажетті инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етіледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай облысында табиғи өрт салдарынан 91 тұрғын үй бүлінген және олар техникалық тексеру жүргізілгеннен кейін қайта қалпына келтіруге жатпайтыны анықталды. Салдарды жою мақсатында Үкімет 2,27 млрд теңге сомасында қаражат бөлді (Үкіметтің 2022 жылғы 9 қыркүйектегі 672 қаулысы). Қаражат 91 тұрғын үй (жалпы ауданы 100 шаршы метр болатын бір қабатты төрт бөлмелі тұрғын үй) және өрт салдарынан зардап шеккендер үшін инженерлік инфрақұрылым салуға бағытталған», – деді Әлихан Смайылов жауабында.

Үкімет басшысының атап өтуінше, «КазҚСҒЗИ» АҚ және «Мемсараптама» РМК институттары тұрғын үйлердің және инженерлік желілердің жобасын әзірлеген.

«Барлық үй қажетті инфрақұрылыммен (су, газ, электр энергиясы, сондай-ақ кірме жол тартылады) қамтамасыз етіледі. Қостанай облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 13 мердігер ұйымның күшімен (690 құрылысшы мен 11 техникалық қадағалау маманы жұмылдырылып, 82 техника тартылды) тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр», – деді Премьер-Министр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<