«Өртті сөндіруге кетіп, із-түзсіз жоғалды»: Абай облысында тағы бір адам іздестірілуде

328

0

Абай облысында орман өртін сөндіруге кетіп, із-түзсіз жоғалған тағы бір адам іздестіріліп жатқаны туралы ақпаратқа Полиция департаменті түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер сізде С.Н.Архиповтың орналасқан жеріне қатысты қандай да бір ақпарат болса, онда «102» нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласуыңызды өтінеміз», – делінген Абай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Департамент мәліметінше, тұрғынды іздеу іс-шараларына ведомствоның жеке құрамы жұмылдырылған. Сонымен қатар оның тракторын табу үшін әуеден де шолу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Instagram-дағы парақшалардың бірінде Сергей Архипов облыс аумағындағы өртті сөндіруге көмектесу үшін тракторымен шығып кетіп, із-түзсіз кеткені туралы ақпарат тарады. Ол соңғы рет 9 маусым күні хабарға шыққан.

Еске салайық, «Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын.
Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған.

Тілсіз жауды ауыздықтауға жұмылдырылған 14 орманшы қаза болды. Барлығы мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Семей орманындағы өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Үш ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

10 маусым күні түсте жалын шарпыған аумақ 60 мың гектардан асып кеткені хабарланды.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.

Мемлекет басшысы орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.

12 маусым Семей орманындағы алапат өрттен қаза болғандарды аза тұту күні болып жарияланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<