Өзбекстан президенті «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол жобасына қатысушыларға бейнеүндеу жолдады

420

0

Фото: president.uz

6 маусымда Бейжіңде «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» темір жолын салу жөніндегі стратегиялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев іс-шараға қатысушыларға бейнеүндеу жолдады. Келісімге қол қою рәсіміне байланысты Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мен Қырғыз Республикасының Президенті Садир Жапаров та өз үндеулерін жолдады.

Өзбекстан басшысы бұл маңызды инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырудың басталуы кең байтақ өңірдегі экономикалық және көліктік байланысты нығайтуға бағытталған тарихи оқиға екенін атап өтті.

– Бұл темір жол Қытайды біздің аймақпен байланыстыратын ең қысқа құрлықтағы жолға айналады. Бұл жол біздің елдерге болашағы зор трансауғандық дәліз арқылы Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстың кең нарығына шығуға мүмкіндік береді, – деді Шавкат Мирзиёев.

Жобаны іске асыру нәтижесінде пайда болатын экономикалық тиімділік жаңа кәсіпорындар мен он мыңдаған жұмыс орындарын құруға, өзара сауда көлемін екі есеге арттыруға, өндірістік кооперацияны кеңейтуге, инвестициялық тартымдылықтың өсуіне және ең бастысы, халықтың өмір сүру деңгейінің артуына септігін тигізеді.

Келісімге сәйкес, «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» темір жолы Қашғар-Торугарт-Макмал-Жалалабад-Әндіжан бағыты бойынша өтеді. Мамандардың айтуынша, жүк тасымалдаудың жылдық көлемі 15 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Ал тауарды соңғы тұтынушыларға жеткізу мерзімі 7 күнге дейін қысқарады. Сонымен қатар, заманауи транзиттік-логистикалық инфрақұрылым, қоймалар мен терминалдар құрылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<