Өзбекстанда отасқанына бір жыл толмаған ерлі-зайыптылардың ажырасуына шектеу енгізілмек

14

0

Фото: gazeta.uz

Өзбекстанның Отбасы және әйелдер комитеті некені бұзу тәртібіне өзгеріс енізу және отбасын сақтап қалуды ынталандыруға бағытталған заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Жобада соттың ерлі-зайыптыларға татуласу үшін беретін мерзімін қазіргі 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту ұсынылған. Сот отбасын сақтап қалу бойынша шара қабылдау үшін 3 күн ішінде махаллялардың татуластыру комиссиясына «Электрондық үкімет» жүйесі арқылы хабарлама жолдауға міндетті.

Сондай-ақ құжатта АХАЖ органдары арқылы ажырасу тәртібі нақтыланды. Егер балалары жоқ ерлі-зайыптылар өзара келісім негізінде некені бұзуға өтініш жолдаса, онда олардың шаңырақ көтерген уақытынан бастап кемінде 1 жыл өтуі тиіс. Бұл норма отбасылық зорлық-зомбылық жағдайларына әсер етпейді, тиісінше олар бөлек тәртіппен қаралады.

Мұнымен бірге, Азаматтық іс жүргізу кодексіне де өзгеріс енгізілмек. Енді неке қию сәтінен бастап 1 жыл өтпеген отбасылардың ажырасу туралы арызын соттар қараусыз қалдыра алады.

Еске салайық, былтыр Өзбекстанда туу көрсеткіші төмендеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2025 жылы Өзбекстанда жеңгетайлықпен айналысқан 2 мыңнан астам адам жазаланды.

Сонымен қатар, Өзбекстанда Әдеп кодексін бұзған 60-қа жуық судьяның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.