Өзен бойындағы өзекті мәселе

268

0

Сурет ашық дереккөзден

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміз үшін мән-маңызы айрықша мәселелермен бірге су шаруашылығы жүйесін тиімді дамытудың басымдықтарын да айқындап берді. 

Елімізде су қорының проблемасы ең өзекті аймақтың бірі – Сыр бойы және Арал өңірі. «Көксарай» су реттегішінің техникалық жағдайына байланысты жобалық көлеміне дейін су жинақтау мүмкіндігінің  шектелуі салдарынан Қызылорда облысында өте күрделі күйдегі су тапшылығы қалыптасты.   

Кіші Арал теңізіне белгіленген су лимитінің толық жеткізілмеуі, сондай-ақ, Қырғыз Республикасында 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін энергетика саласында төтенше жағдай режимінің енгізілуі «Арал-Сырдария» бассейніндегі жағдайды одан әрі күрделендіруде.

Анықтама үшін: жоғарғы ағыс су қоймаларындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3 млрд текше метрге аз, соңғы 12 жылда Кіші Аралдың көлемі 8,5 млрд текше метрге азайды, Сырдария өзенінің жағдайы тікелей тәуелді «Тоқтағұл» су қоймасы энергетикалық режимде жұмыс істейді.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Қызылорда облысында су шаруашылығы ахуалын түзеу және Арал теңізінің одан әрі тартылуына жол бермеу үшін жедел шаралар қабылдау қажет.

Осы орайда, Сыр өңіріндегі су тапшылығын төмендету мақсатында қысқы-көктемгі кезеңде тасқын суды жинақтау аса маңызды. Ол үшін «Қараөзек» су арнасында 3 су тоспасы қалпына келтірілген жағдайда 1 млрд текше метрге дейін тасқын суды жинақтап,  Қазалы ауданында 31 мың гектар суармалы, 120 мың гектар шабындық және жайылымдық жерді тұрақты қамтамасыз етудің, вегетациялық кезеңде Арал теңізін суландырудың мүмкіндігі кеңейеді. 

Су ресурстары комитеті «Қараөзек» арнасында салынатын су қоймасының жобалық құжатын әзірлеп,  мемлекеттік сараптама қорытындысын алу үшін Қаржы министрлігіне ұсынды.

Анықтама үшін: вегетациялық кезеңде Сырдария өзенінен «Қараөзек» арнасына шамамен 600 млн текше метр беріледі. Тасқын су кезінде «Қараөзек» арнасы толған жағдайда вегетациялық кезеңде су беру қажеттілігі азаяды. Вегетациялық кезеңде шамамен 400 млн текше метр суды Сырдария ауданының суармалы жерлеріне бағыттауға болады.

Сондай-ақ, Жаңақорған ауданында су тапшылығын азайту, инженерлік жүйеге келтірілген егістік жерлерді сақтау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал азығын дайындау көлемін арттыру мақсатында 30 мың гектардан аса суармалы егістік жерлерді қамтитын «Келінтөбе» магистральді каналына Сырдария өзенінен қосымша су кіретін арнаның және каналдың бас сағасы аймағында су тоспасының құрылысын салу аса өзекті.

2022 жылы Қызылорда облыстық бюджетінің шұғыл шығындарға арналған резервінен бөлінген қаржы есебінен «Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» магистральді каналына су беретін канал қазу» жобасының сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. Жобаны жүзеге асыру арқылы «Келінтөбе» каналына секундына қосымша 11-15 текше метр су жеткізуге болады.  (16.02.2023 ж.  №19-0068/23; жоба құны 542 млн теңге).

Анықтама үшін: 2017 жылы «Келінтөбе» магистральді каналының бас сағасы аймағында су бөгеті істен шықты. Каналға судың тұрақты түсуі Сырдария өзеніне секундына 450 текше метрге дейін су жіберілген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Каналға су түсудің ең аз көрсеткіші секундына 150 текше метр. 2023 жылғы 16 тамыздан бастап Қызылорда облысына  секундына 100 текше метр су жіберілуі салдарынан Жаңақорған ауданы егістігінің 48% жоғалуы қаупі туындады.

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Су ресурстары және ирригация министрлігіне Қызылорда облысында қалыптасқан су тапшылығы мәселесін жүйелі бақылауға алып, 2023 жылдың бюджетін қайта бағыттау кезеңінде жедел шешуді тапсыруыңызды сұраймын.

Құрметпен,

Руслан Рүстемов,

Сенат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<