20 қыркүйектен бастап елімізде Ауыл шаруашылығы санағының екінші кезеңі өтеді деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі. Интервьюерлер барлық елді мекенде үй-үйді аралап, деректер жинайды. Жалпы саны шамамен 1,2 млн үй шаруашылығын қамту жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы санағы елімізде екінші рет өткізіліп отыр. Оның мақсаты – аграрлық саланың жағдайы туралы толық мәлімет алу, әсіресе ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер деңгейінде. Сауалнама парағы 22 сұрақтан тұрады. Онда мал мен құстың болуы, жер ресурстарын пайдалану, бақша егу, тыңайтқыш қолдану және басқа да мәліметтер сұралады.
– Біз санақтың онлайн кезеңін аяқтадық, ол кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары мен үй шаруашылықтарының сауалнаманы sanaq.gov.kz сайтында толтыру мүмкіндігі болды. Ол кезеңге 600 мыңнан астам респондент қатысты.
Енді ауқымды кезең басталды: интервьюерлер үйлерді аралап, деректерді планшет арқылы жинайды. Баршаңызды шараға белсенді қатысуға және өзекті ақпарат беруге шақырамыз. Сұрақтар қарапайым әрі тек ауыл шаруашылығы қызметіне қатысты болады. Барлық жауап статистикалық мақсатта пайдаланылады және үшінші тұлғаларға берілмейді, – деді бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Қайта айналымға енгізе бастады
2022 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін мемлекет меншігіне 13,7 млн гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 6,2 млн гектары қайта бөлінді. 2,1 млн гектар жер елді мекендерге жақын орналасқандықтан, ауыл тұрғындарының мал жаюына ортақ пайдалануға берілсе, қалған 4,1 млн гектары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында конкурс арқылы бөлінді. Сонымен қатар жер пайдаланушылар өздеріне тиесілі 4 млн гектар жерді игеруге кірісті.
Бұл туралы бейсенбіде вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жер ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық комиссия отырысында айтылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, жерді бөлу кезінде бірінші кезекте ауыл тұрғындарының жайылымға деген қажеттілігі және фермерлердің мүдделері ескерілуі тиіс. Бұл жерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту мүмкіндігін арттырып, мал шаруашылығын дамытады және әлеуметтік шиеленісті төмендетеді.
Цифрлық бақылау
Әділет министрлігі, республикалық жеке сот орындаушылар палатасы және Бас прокуратура цифрлық бақылау жүйесін іске қосты деп хабарлайды Sputnik. kz сайты.
Ол көшелерде, қаланың қоғамдық орындарында, әуежайларда, вокзалдарда және метрода қарызды төлеуден жалтарған азаматтарды анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ бұл жүйе әлеуметтік маңызы бар ғимараттарда да жұмыс істейді.
«Сонымен қатар борышкерлер халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді алу кезінде, сондай-ақ әуе және теміржол билеттерін сатып алу кезінде деректер базасы арқылы тұлғаны автоматты сәйкестендіру арқылы анықталады» деп хабарлады Әділет министрлігі.
Борышкерлердің автомобильдерін іздеу функциясы да енгізіліп жатыр. Осылайша қалалық бейнекамералар тыйым салынған көліктерді анықтайды, ал полиция оларды айыппұл тұрақтарына жеткізеді.
Ведомствоның мәліметінше, инновация арқылы өндіріп алушылардың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалады. Сондай-ақ сот шешімдерін орындаудың тиімділігі артады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





