Ыстанбұл қаласындағы Түрік және ислам өнері музейінде «Оғыз феномені: Ұлы Даладан Анадолыға дейін» атты халықаралық конференция және көрме өтті.
Мазмұнды әрі тағылымды шараны Қызылорда облысы әкімдігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен ҚР Ұлттық музейі және Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесе ұйымдастырып отыр.
Негізгі мақсаты – оғыз мұрасы негізінде Ұлы Дала мен Анадолы арасындағы тарихи-мәдени сабақтастықты айқындау, түркі әлемінің ортақ құндылықтарын зерделеу және ғылыми ынтымақтастықты дамыту.
Конференция Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемовтің алғысөзімен ашылды. Шараға Қазақстан Республикасының Түркиядағы Бас консулы Аманқұл Нұриддинов, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы, Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің департамент директоры Бироль Инджеджикоз, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілдері қатысты.
Конференцияның пленарлық отырысында қатысушылар оғыз тайпаларының шығу тегі мен тарихи рөлі, олардың қазіргі түркі өркениетіне ықпалы, Анадолы аумағындағы археологиялық зерттеулер, сондай-ақ Сырдарияның төменгі ағысындағы ортағасырлық қалалардың урбанизациялық үдерістері жөнінде мазмұнды баяндамаларын ұсынды. Сонымен қатар жаңа археологиялық деректер мен музейлік тәжірибелер кеңінен талқыланып, өзара пікір алмасу жүргізілді.
Жиыннан кейін көрменің салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Бас консулы Аманқұл Нұриддинов, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы және Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев көрмені аралап, аталған шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Түркия мемлекетінің және Түрксой ұйымының өкілдеріне облыс әкімінің алғыс хаты және Сыр өңірінің бренді – күріштен жасалған картина табысталды.
Сонымен бірге, Сырдың дәстүрлі жыр-термелері орындалып, қобыз сазы арқылы ұлттық рухани мұра кеңінен насихатталды.
Көрме экспозициясында оғыз дәуіріне тиесілі бірегей археологиялық жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылып, сол арқылы түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасы жан-жақты таныстырылды.
Қорыта айтқанда, Қазақ даласындағы түркі халықтарына ортақ рухани құндылықтарды бір тамырдан нәр алып жатқан туысқан түркі бауырлармен жете дәріптеудің маңызы зор.
Осы тұрғыдан алғанда Қызылорда облысының әкімдігі Сыр бойындағы оғыз мәдениетін ғылыми зерделеу бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіп келеді.
Соңғы үш жыл бойы ҚР Ұлттық музейімен бірлесіп Елорда төрінде бірнеше халықаралық көрмелер, конференциялар өткізілді.
Бүгін осы мәдени шаралардың ауқымы кеңейіп, Ұлы Даладағы оғыз мәдениетінің тарихи сабақтастығын зерделеуге бағытталған халықаралық конференция мен көрме жұмысы ұйымдастырылды.
Тарихы ортақ халықтардың келешегі үшін мұндай шараларды бірлесіп өткізудің идеялық мазмұны да айрықша және ол екі ел арасындағы ортақ тың жобаларға жол ашары айқын.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






