Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, өткен жылдан бері халқымыз үшін жыл басы саналатын Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа форматы бекітілді. «Наурызнама» онкүндігінде қазақ мәдениетінде қалыптасқан салт-дәстүр кеңінен насихатталады. Оның аясында ұлттық мереке 14-23 наурыз аралығында, яғни, он күн тойланады.
Айталық, «Амал күнінен» бастау алған мерекелік шара «Тазару күнімен» қорытындыланады. Осындай атаулы күннің бірі 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Халық бұрын ұлттық нақыштағы киімді тек Наурыз мерекесінде ғана киетін. Оның өзінде қазақы киімнің түрі көп емес еді. Ал қазір заманауи сәнмен үйлесім тапқан ұлттық киімдерге көпшіліктің сұранысы арта түскен.
«Ақ үйден бір қыз шықты
көзі күлген,
Үстінде дүрия бешпент
шәйімен бүрген»
– деп келетін деп келетін халық әнінде айтылғандай, ұлттық киімнің матасы қымбат, ою-өрнегі айқын, сипаты ерекше. Бір қуанарлығы, бүгінгі жастардың да ұлттық құндылықтарымызға деген қызығушылығы жоғары. Мерекелік іс-шараларда мектеп оқушылары, балабақша бүлдіршіндері бүрмелі көйлек, барқыт қамзол, үкілі тақия киініп шыққанда әлдебір әсемдік әлеміне еніп кеткендей боласыз.
Ұлттық нақыштағы киімдер тігетін «Aiman Abdi Qazaqbrand» шағын сауда үйі 2019 жылы жұмысын бастаған. Бүгінге дейін бірнеше байқауда жеңіс тұғырынан көрініп, марапаттар иеленді. Кәсіп иесі Айман Ғалымбекқызы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы арнайы оқу курстарынан өтіп, білімін шыңдаған. 2022 жылдан бері Қызылорда облысы бойынша Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі.
Сән үйінде негізінен балалар мен жасөспірімдерге арналған киімдер дайындалады. Бүлдіршін қыздарға үкілі тақиядан бастап, бүрмелі көйлек, қынама қамзол, ер балалардың бешпент-шалбары, спорттық үлгідегі киімдер, аяқкиімдер бар. Сондай-ақ салтанатты кештерге арналған, әшекей тастармен безендірілген әдемі көйлектерден бөлек, күнделікті тұрмыста киетін қарапайым қамзол, бешпент, күртешелердің де түр-түрі бар. Бағасы 15-85 мың теңге аралығында сатылады.
– Ең алғаш 2018 жылы ұлымның сүндет тойына орай қазақша киім тігу керек болды. Сонымен өз ойымша өрнектеп, балама шақтап киім тіккен едім. Сол кезден бастап ұлттық киім тігуге деген құштарлығым артып, ине-жіпті қолыма алдым. Бүгінде шеберханада 3 тігінші еңбек етеді. Эскизін өзім дайындап беремін, тігіншілер сол бойынша жұмыс істейді. Оған қоса, тұрмыстық қажеттілік – көрпе-жастықтар да тігеміз. Бойжеткендерге әшекей бұйымдар ұсынамыз. Барлығы да қазақы нақыштармен айшықталған. Өнімнің 80 пайызы – балалар киімі, сондықтан шеберхананы «Балалар сән үйі» деп атадық.
Біздің мақсатымыз – балаларға кішкентай кезінен ұлттық киімді кигізіп, сол арқылы олардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, рухани танымын арттырып, эстетикалық талғамын қалыптастыру. Жалпы ұлттық киімдегі барлық ою-өрнек халқымыздың ой-қиялымен ұштасып жатыр.
Негізгі мамандығым – есепші. Жоғары білімім бар. Кейінгі он жылда осы мамандығыма сай қызмет атқарып келемін. Қазір дизайнерлік кәсібін қосымша оқып жатырмын. Өйткені заман талабына сай және тұтынушылардың сұранысына орай киім үлгілерінің жаңа нұсқасын әзірлеуді меңгеруіміз керек, – дейді кәсіп иесі Айман Сүйінтаева.
Оның айтуынша, ұлттық киімдерге облыс аумағынан бөлек, еліміздің өзге өңірлерінен де тапсырыстар түседі екен.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<