Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың үлкен тұлға екені барша қазаққа аян. Ол 27 жыл бойы 5 облысқа жетекшілік етіп, әкім болған, сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары, екі рет министр және басқа да лауазымды қызмет атқарған азамат. Бұл – Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған абыройлы міндет.
Бекең жайлы айтар болсақ, соншама жылдар бойы әртүрлі Үкімет басшыларымен, екі Президентпен тізгін қосып, қатар жұмыс істеуде оның саяси өміршеңдігі неде деген сұрақ туатыны заңдылық.
Өз басым бұған екі түрлі нұсқада жауап берер едім. Біріншіден, Бердібек Машбекұлының мемлекеттік қызметке деген тазалығы, адалдығы. Ал екіншіден, оның кабинеттен гөрі халық арасында көп болып, елмен етене араласып, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» жолынан жаңылмағанында. Тағы бір қосып айтар дүние, ол өте еңбекқор азамат болды. Алға қойған қандай да бір елдік істі орындамай қоймайтын.
Мен Бердібек Сапарбаев басқарған 5 облыстың азаматтарымен қызметтес болдым. Олар тек жақсы пікір ғана айтып отыратын. Жалпы бұл жерде мемлекеттік қызметшілер, басқа да лауазым иелерінен бөлек, халық та Бекеңе деген зор бағасын үлкен ықыласпен айтып келеді.
Сондықтан мен Бекеңді мемлекеттік қызметшілердің эталоны, үлгі тұтар азаматы болды деп есептеймін. Сонымен қатар, ол 2022 жылы зейнетке шыққан соң да қарап отырмады. Өзінің бар өмірлік тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісті. Көзіміз көргендей, арнайы университеттерде сабақ беріп, дәріс оқыды.
Бір анық дүние бар. Бердібек Сапарбаевтың ұлтжандылығы, елге деген өлшеусіз қызметі, азаматтығы мен мемлекетшілдігі ел-жұрттың есінде мәңгілік қала бермек. Оның әр ісі – Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматына үлкен үлгі.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
мемлекет және қоғам қайраткері






