Оқушылар ағарту жүйесінің жаңа деңгейіне шықты

662

0

Әлемдік ЮНИСЕФ мамандарының зерттеуі бойынша карантин кесірінен оқушылар өз білімінің орта есеппен 30-50%-ын жоғалтқан болуы мүмкін. Бұл ретте мамандар оқу бағдарламасын қуып жету ұзақ процесс дегенді айтқан.

Бірақ Қызылорда облысындағы 311 мектепте оқитын 177 мыңнан астам оқушы цифрлы білім беру моделі арқылы кеткен есені толтырып, ағарту жүйесінің жаңа деңгейіне шығып отыр. Әсіресе «Бағдарламалау мектебі» жобасы енгізілген Серғали Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейі жас ғалымдарының жетістіктері көңіл қуантады.

Сәлем беріп қарсы алатын электронды педагог әрі қарай да білім ұясымен өзі таныстырып шығады. Оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірегей жобаға қосылған нысан кіре-берісіндегі смарт камералар сырттан келген бөтен адамды дереу анықтайды. Мектепте сондай-ақ оқушылардың әлеуметтік жағдайы жөнінде жариялылықты болдырмай, нақты көмек көрсетуді көздейтін «Көмек Е» платформасы жұмыс істейді. «Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының барлық бағыты енгізілген лицей оқушылары бір ғана информатика бойынша 13 үйірмеге қатысады.

Жаңагүл Алдамжарова, информатика пәнінің мұғалімі:

– Scratch, 3D max, робототехника, ARDUINO бағдарламасымен жұмыс жасайды оқушылар. С++, Pyton, Java программалау тілдері бізде жұмыс жасайды. Оқушыларымыз қазір қала, облыс және республика көлемінде жүлделі орынға ие болып жатыр. Мұғалімдеріміз де IT бағытында Хакатон, Хакдей облыстық, республикалық деңгейде өткен жарыстарда топ жарып, 1-орын алған. Жас өскіннің танымын кеңейтетін мобильді қосымша әзірлеп шығарған Әділ Серіктің зияткерлік ойыны балалар арасында қазір кең тарап кеткен. Тест сұрақтарына жауап беру арқылы ұпаймен қатар терең білім жинауға негізделген платоформа ойлап тапқан 7-сынып оқушысы ересектер қатысқан республикалық ғылыми жоба байқауында жүлдегер атанды.

Әділ Серік, оқушы:

– Сұрақтың жауабы дұрыс болса дұрыс деп шығып, қызылмен жанып, ұпай қосылады. Бұл мобильді қосымшаны өз телефонымызға орнатуға болады. Бастау дегенді басып ойынды бастаймыз. Ойында 4 деңгей болады. Тест сұрақтары, жұмбақ, математика және ағылшын тілі. Тест сұрақтарына кірсек музыка мен ұпай кезздестіреміз және үйге қайту батырмасы болады.

Айти мектепте толық жабдықталған 33 оқу кабинеті бар. 250-ден астам құрылғының көмегімен физикалық эксперимент жүргізетін оқушылар 31 зертханалық жұмыстың 3D моделін қалыптастырған. Цифрлы білім ошағының жарқын жетістіктерін мектепте ашылған телестудияның жас журналистері шартарапқа таратуға үлес қосып жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<