5 маусым күніне Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының ұйымдастыруымен және Арал аудандық білім бөлімі, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен аудан аумағында бірқатар экологиялық шаралар жүргізілді.
Мәселен, Арал қаласында оқушылардың қатысуымен плоггинг форматында іс-шара өтіп, онда оқушыларға қоқысты сұрыптаудың маңызы түсіндірілді. Оқушылар арасында «Таза табиғат – сау ұрпақ» тақырыбында эссе және сурет байқаулары өтіп, үздік жұмыстар бағаланды.
Сонымен бірге, жыл сайынғы табиғат қорғау шаралары аясында жүргізілетін «Парктер шеруі»-2025» акциясында белсенді атсалысқан қатысушыларды марапаттау салтанаты жүргізіліп, естелік сыйлықтар берілді.
Ал, Қаратерең елді мекенінде оқушылар мен жасөспірімдер арасында жасыл шеру ұйымдастырылып, шеру соңында жергілікті саябақта тазалық және жасыл желектерді суару шаралары жүргізілді. Қаратерең ауылының тұрғындары және мемлекеттік мекемелерінің қатысуымен ауыл маңына ауқымды тазалық жұмыстары іске асырылды.






