Орманға қорған болмасақ…

744

0

Орман шаруашылығы – экономиканың бір саласы. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өз құзыреті шегінде учаскелерде іс-шаралардың орындалу сапасына және олардың орналастыру жобалар сәйкестігіне мемлекеттік бақылау жасайды.

Сонымен қатар, ҚР Орман заңдары мен жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақ саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды. Инспекцияның негізгі салаларына орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы кіреді.

Облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы – 7 млн 173 мың гектар. Оның ішінде 7009757 гектар орман мекемелерінің, 163126 гектар «Барсакелмес» мекемесінің, 32 гектар «Орман тұқым өсіру орталығы» РМҚК орман тұқымбағының жерлеріне тиесілі. Ал «Қазақстан Темір жолы ҰК» АҚ-ның қорғаныштық екпелері 125, мемлекеттік орман қорының орманмен қамтылған аумағы 3 817 492 гектарды алып жатыр. Оның 90 пайызы – сексеуіл ормандары.

Табиғат тағылықты кешірмейді

Инспекция облыс көлеміндегі орман иеленушілердің табиғат заңнамаларын сақтауына 24 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 22 ұйғарым берді.

Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 5 ұсыныс келіп, 19 қызметкерге (4 сөгіс, 15 ескерту), оның ішінде 2 мекеме директорына, 1 орман шаруашылығы инженеріне, 3 орманшылық басшысына, 2 орманшылық басшысы көмекшісіне, 3 орман шеберіне және 8 орманшы инспекторға шара көрілген. Тексеріс қорытындысына сәйкес облыстың орман мекемелерінде «Өрт қауіпсіздігі қағидалардың» талаптарын сақтамаған орман шаруашылығының 9 лауазымды қызметкерлеріне 9 хаттама толтырылып, 413,5 мың теңге айыппұл салынды. Қаржы толығымен өндірілді.

Кеспеағаш аймағын бөліп беру мен таксациялау қағидаларына сәйкес, облыс көлеміндегі 5 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінде, яғни Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған мемлекеттік орман қоры учаскелерінде 2023 жылға арналған кеспеағаш аймағын бөліп беру жұмыстарының орындалуына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде кемшілікке жол берген Сырдария орман мекемесінің 1 орман лауазымды қызметкеріне ҚР ӘҚБтК-інің 375-бабымен 15315 теңге айыппұл салынып, толық өндірілді. Қызылорда, Қармақшы орман мекемелерінің орман орналастыру материалдары дайын болмаған. Арал орман мекемесі бойынша орман орналастыру материалдарына сәйкес ағаш кесу мөлшерінің белгіленбеуіне байланысты мемлекеттік орман қоры учаскелерінде кеспеағаш аймағын бөліп беру мен таксациялау жұмыстары жүргізілмеген. Осыған байланысты аталған орман мекемелерінде мемлекеттік орман қоры учаскелерінде кеспеағаш аймағын бөліп беру мен таксациялау қағидаларына сәйкес тексерулер жүргізілмеді.

Заңнаманы бұзу деректері

Биыл инспекция қызметкерлері табиғат заңнамаларын бұзудың 68 құқық бұзушылығын анықтап, 64 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған, 4 іс құқық қорғау органдарына жолданған.

Оның ішінде орман заңнамаларын бұзудың 40 дерегі анықталып, 1 жағдай бойынша құқық қорғау органдарына жолданды. Анықталған 39 әкімшілік іс бойынша 12 азаматқа 451,7 мың теңге айыппұл салынып, толық өндірілді. 6 азаматқа ескерту түрінде әкімшілік жаза көрілді. 21 жағдайда шара көру үшін сотқа жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушылардан 39,55 текше метр сексеуіл тәркіленді. Орман қорына келген 18,1 мың теңге шығын толық өндірілді.

Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану заңнамасын бұзудың 23 дерегі анықталып, 3 жағдайда құқық қорғау органдарына жолданды.

Анықталған әкімшілік істер бойынша 20 әкімшілік хаттама толтырылып, заңсыз аң аулау құралы болып саналатын 2 аңшы қаруы тәркіленді. Сонымен қатар, балық аулау қағидасын бұзудың 5 дерегі анықталып, 1 адамға 15,3 мың теңге айыппұл салынып, толық өндірілді. 4 іс сотқа жолданды.

16 өрт тіркелген

Облыс аумағындағы орман иеленушілердің өрт қаупі күшейетін маусымға дайындығына жүргізілген тексерулер барысында орман мекемелерінің 2022 жылғы өрт қауіпі бар маусымға дайындық дәрежесі орташа екені анықталды.

Биыл Арал, Сырдария орман мекемелеріне 2 өрт сөндіру автокөлігі алынды. Комитеттің бұйрығына сәйкес, облыстың мемлекеттік орман қоры жерлерінде 24 наурыздан бастап өрт қаупі күшейетін маусым белгіленді. Маусым басталғалы облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы көлемі 38,39 гектарды құрайтын 16 орман өрті тіркелген. Оның 29,79 гектары – орманды жерлер, ал 8,6 гектары – ормансыз алқаптар. Өрт салдарынан орман қорына тікелей 91,3 мың теңге залал келген.

Мемлекеттік орман қоры алқаптарының 51 754 гектары өрт қауіптілігі аса жоғары болып саналады. Бұл – негізінен Сырдария өзені жағалауындағы тоғайлық алқаптар, халықаралық және республикалық маңызы бар авто, темір жолдар бойындағы қорғаныштық ормандар және елді мекендер шегіндегі жасыл аймақтар.

Өсіру және молықтыру

Биылға мемлекеттік орман қоры жерлерінде жалпы аумағы 250 000 га жерге орман мелиорациялық шаралар жүргізу көзделуде.

Оның ішінде, жергілікті бюджеттен 12000 гектарға сексеуіл көшетін отырғызу, 32000 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу және 51400 гектар жерге орманның табиғи өсуіне жәрдемдесу шараларын жүргізу межеленген. Ал республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 64547 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу және 90053 гектарына орманның табиғи өсуіне жәрдемдесу шараларын жүргізу жоспарланып отыр.

Бекітілген жоспарға сәйкес наурыз-сәуір айларында Арал, Қазалы орман мекемелері 12026 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, 141453 гектар жерге орманның табиғи өсуіне жәрдемдесу шараларын жүргізді. Қазір сексеуіл тұқымы себіліп жатыр.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар

Облыс бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы көлемі 1082171,24 гектарды құрайды. Оның ішінде орманды жерлер 897452, ормансыз жерлер 184719,24 гектар.

Республикалық маңызы бар «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» жалпы көлемі 163126 гектар, 2 табиғи (зоологиялық) қорғалым (Тораңғылысай – 17890, Қарғалы – 11152,24 гектар) бар.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<