Орнықты серіктестік

5

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масато Канданы қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Масато Кандаға ілтипат көрсетіп, АДБ жетекшісі лауазымына кіріскеніне бір жыл болғанымен және банктің алдағы 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Қазақстан Президенті 30 жылдан астам уақыт ішінде Азия даму банкі елімізде жалпы сомасы 7 миллиард доллардан асатын 170-тен аса жо­баға қолдау көрсеткенін айтты. Осы­лайша, банк экономикалық өсім­ге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақ­сартуға айтарлықтай үлес қосты.

Мемлекет басшысы экономиканың басты секторларындағы ауқымды жо­баларды жүзеге асыру жоспары жөнінде әңгімеледі. Бұл елімізде орнықты даму мен құрылымдық өзге­рістерді қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.

Масато Канда Азия даму банкі Қазақстанмен арадағы ықпалдастық аясын кеңейтуді басым бағыт са­найтынын жеткізді. Банк тұрғын үй құрылысы, төтенше жағ­дай­ларды басқару және өзге де маңыз­ды стратегиялық жобаларды қаржы­ландыруға дайын екенін растады.

АДБ жетекшісі еліміздің цифрлық технологиялар мен жасанды интел­лектіні енгізу бойынша алдыңғы орында тұрғанын атап өтіп, аса маңызды минералдар секторын ілгері­летуде, ірі инвестициялық баста­маларды іске асыруда зор әлеует бар екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туын­­ша, Қазақстан мен Азия даму банкі арасында орнықты және ұзақ мерзімді серіктестік орнаған, еліміз өзара тиімді кооперацияны одан әрі кеңейтуге әзір.