Орталық азиядағы орта держава

7

0

Былтыр еліміз орта держава атанды. Әлемдік саяси ұйымдардың зерттеулерінде Орталық Азиядағы алғашқы ірі, ықпалды, тәуелсіз, экономикалық көрсеткіші жоғары жалғыз мемлекет ретінде танылды. Сарапшылар биыл да Қазақстан осы мәртебесін тиісті дәрежеде атқарып отырғанын айтады. Бұл – әрине, отыз жылдан аса уақыт бұрын құрылған тәуелсіз елдің айтулы жетістігі. Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күрделі геосаяси жағдай мен шектеулі экономикалық мүмкіндіктер секілді көптеген сын-қатермен бетпе-бет келді. Жаңа республика өте қиын әлеуметтік-демографиялық жағдайға тап болды. Қазақ мемлекеті осының барлығын еңсеріп, бүгінде орта держава атанып отыр.

Деңгейді еңсеру жолы

Аймақтық «The Times of Central Asia» басылымы 2025 жылы Қазақ елі эконо­микасының ғана емес, сыртқы саясаттағы же­тістігінің – әлемдік саясатта, халықаралық қаты­настарда аса маңызды рөл атқарып отыр­ғанының арқасында орта державаға айнал­ғанын жазды.

Сарапшылар зерттеулерінде орта держава елдерін экономикалық қуаты, дип­ломатиялық ықпалы, стратегиялық әлеуе­ті мен тиімді басқару моделін ес­кере оты­рып бағалаған. Қазіргі әлемдік зерт­­­теу нәтижелеріне сәйкес еліміз Орта­лық Азия­дағы орта держава деңгейін лайық­­­ты бағындырған. Өзбекстан да бұл мәрте­беге үміткер болды. Ал Түрікменстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан экономикалық тәуел­­­ділік пен институционалдық шектеу­лерге байланысты тізімге енбеген.

Елімізді Германияның Саясат және ғылымды зерттеу институты (SWP, Stiftung Wissenschaft und Politik) ресми сайтында жариялаған «Machtkonkurrenz und neue Allianzen – Trends der internationalen Politik» баян­дамасында алғаш рет орта держава қатарына қосты. Баяндама авторлары: «Орта державалар – алпауыт елдер болмаса да, жаһандық саяси, экономикалық аренада айтар­лықтай ықпалы бар мемлекеттер» деп анықтама береді. SWP мұндай елдердің қатарында Түркия, Израиль, Үндістан, Сауд Арабия­сы мен Қазақстанды қоса алғанда 12 елді атап көрсетеді.

Неміс сарапшылары еліміздің эконо­микасы Орталық Азияның басқа мемле­кеттерімен салыстырғанда ауқымды, әлем­дегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кіретінін айтады. Бұған қоса Қазақстан шетелдік инвесторлар көптеп тартылатын ел деп атап көрсетеді.

«Қақтығысушы елдер арасындағы диа­логті жеңілдету – Қазақстанның сыртқы саясатының басымдылығына айналды» деп көрсетеді неміс сарапшылары. Олар­дың пікірінше, еліміз көршілес Ресей, Қытаймен тығыз қарым-қатынасты нығай­та отырып, АҚШ, Еуропа, Азия елдерімен берік байланыс орнатуды мақсат тұтады. «Десе де ірі көршілері Қытай мен Ресейге тәуелділікті азайту үшін бұл ел АҚШ-пен қарым-қатынас орнатып, ЕО, Түркия, Жапония, Корея, Үндістанмен байланысын кеңейтті» делінген баяндамада.

Сондай-ақ баяндамаға сәйкес Қазақ­стан тарихи, рухани үндескен аймақ ел­дерімен де тығыз, достық байла­нысты сақтап отыр. Елдің Өзбек­стан­мен екіжақты қарым-қатынасы, Әзер­байжанмен ынты­мақтастығы үлгі боларлық. Ал Ресейдің энер­гия экспортына кедергі жасауы Қа­зақ­станның Каспий теңізі арқылы әртарап­тандыру мүмкіндіктерін кеңейт­ті. 2024 жылы мамырда Қазақ­стан, Өзбекстан, Әзер­байжан энерге­ти­ка­лық жүйелерін біріктіріп, ортақ шешім тапты. Бүгінде «Астана» халық­аралық қаржы орталығы аймақ­тың қаржылық хабына айналды. Мұн­да әлемнің 80 елінен 2 800-ден аса компания тіркелген, активтері 1 млрд дол­­лардан асады. Қазақ­стан сонымен қатар Каспий-Орталық Азия бассейні мен түркі ынтымақтастығы аясын­дағы бір­лескен жобаларды қолдап отыр.

Кеңес одағының әлеуетті ядролық арсе­­налына қарамастан, Қазақстан бүкіл әлем­де ядролық қарусыздану жолын таң­дады. Елдің көпжақты сыртқы сая­саты халық­­аралық конфе­ренциялар өт­­кізуге, ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етуге, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне мүшелікке өту­ге мүмкіндік берді. Ең маңыз­дысы, мем­ле­кетіміз орта дер­жа­валар­дың негізгі аймақтық, халықаралық дау­лар­дағы медиа­тор рөлін атқарып отыр. Мә­се­лен, еліміз Қырғыз­стандағы саяси шие­леністі бәсеңдетуге қатысып, Иран­ның ядро­­лық мәселесі мен Сирия қақтығысы бойынша келіссөздерге баста­машылық жаса­ды. Сонымен қатар Ресей мен Батыс ара­­сындағы шиеле­ністі бәсеңдетуге әрекет етіп, өзін сенімді серіктес ретінде көрсетті.

Жаңа мәртебенің жүгі

Еліміздің халықаралық мәселелерді шешуге қосқан үлесі мен орта держава ретіндегі жаңа рөлін сондай-ақ Француз халықаралық қатынастар институты (IFRI) ерекше атап өтеді. Сыртқы істер министрлігі де Абу-Дабиде өткен жыл сайынғы «World Policy Conference» жиынының басым бөлігі еліміздің жаңа мәртебесін талқылауға арналғанын мәлімдеген еді. IFRI президенті Тьерри де Монбриальдің пікірінше, Қазақстан «сыртқы саясаттағы тәсілдерді патент­теп қана қоймай», кейінгі жылдары орта держава ретінде түрлі халықаралық сын-қатерлерді шешуде белсенді қатысушы бола бастады. Монбриальдің бұл пікірі «Қазақстанның сыртқы саясаты неден негізделеді, елдер арасындағы шиеленістің күрт артқан дәуірінде әртүрлі геосаяси күш орталықтарымен оң қарым-қаты­насты қалай сақтай алады, біздің еліміз жаңа мәртебеде, әсіресе қақтығыстарды реттеу мәселелерінде не істей алады?» деген сұрақтарға жауап береді.

Одан кейінгі пікірталас барысында егер мемлекеттер қандай да бір тарапты иеленуі керек болса, онда бәсекелестіктен гөрі ынтымақтастықты таңдау керек, оқшауланудан гөрі өз­ара әрекеттесу, заңсыздықтан гөрі құқық­тың үстемдігі, нәтижесіз ойындардан гөрі өзара пайда мен жалпыға бірдей ұтыс тұжырымдамасы (win-win) болу керектігі ел ұстанымы екені айтылады. Бұған қоса Астананың БҰҰ-ны әлемдік даму мен қауіпсіздік мәселелерін шешуге арналған жалғыз жаһандық ұйым ретінде нығайтуды жақтағанын және жақтайтыны аталып өтті.

Президент жанындағы ҚСЗИ Халық­аралық қауіп­сіздік бөлімінің бас ғылыми қызметкері Ерболат Сей­ле­­ханов геостратегиялық жағ­дайы, террито­рия­сы­ның көлемі, хал­қы, экономикалық әлеуеті, саяси ық­палы, әскери қуаты секілді сыртқы бел­гілерден басқа, еліміздің орта держава ретіндегі ең маңызды ерек­шелігі оның халықаралық деңгейдегі әрекеті, яғни әлемнің «жақсы азаматы» ретінде танылуы деген пікірде.

«Осыған байланысты Қазақстан көпжақты ынтымақтастық, жаһандық қауіпсіздікті нығайту және тұрақты дамуды қамтамасыз ету қағидаттарын дәйекті және табанды түрде қолдай отырып, БҰҰ-ның қызметі мен баста­маларына белсенді түрде қатысады. Астана барлық елдер мен аймақтардың мүдделерін ескере отырып, әділеттілік пен теңдіктің пайдасына өзгеріп жатқан әлемдік тәртіпті және әлемдік қауымдастық мүшелерінің ымырашыл мінез-құлқын қолдауды жақтайды. Бұл жолда Қазақстан өзінің мүмкіндіктері мен орта державаның әлеуетін пайдалана отырып, екіжақты форматта да, көпжақты өзара іс-қимыл арқылы да осы идеяларды ілгерілетуге үлес қосты» дейді ҚЗСИ сарапшысы.

Атап айтқанда, Астана жетекші әлемдік держава­лардың басшылығымен тұрақты кон­суль­тациялар жүргізіп, жаһандық бейбіт­ші­лік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларды көтеріп, халық­аралық ұйымдардың, әлемдік, өңірлік ынтымақтастық форум­дарының жұмысына белсене қатысады. Көп­жақтылықты берік ұстанған еліміз жаһандық аренада сындарлы диалог пен өзара іс-қимылды арттыру үшін жаңа платформалар құруға үнемі күш салып отыр.

«Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан­ның маңызды үлесі – 2003 жылдан бері Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезін ұйымдастыру және өт­кізуінде. Бұл – әртүрлі конфессияның өкілдері әлемдік дамудың өзекті мәсе­лелері талқылайтын және олардың шеші­мін табудағы ынтымақтастық мүм­кін­діктерін қалып­тастыратын біре­гей диалог алаңы. Азиялық қауіп­сіздіктің негізгі мәселелеріне келетін бол­сақ, еліміздің маңызды бастамасы – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен даму жөніндегі аймақтық ұйымға айналдыру перспективасын ұсынуы», деп атап өтті Е.Сейлеханов.

Сонымен қатар сарапшы ұлттық мүдделер мен геостратегиялық баға­лауларға сүйене отырып, еліміз көп­век­торлы саясатты ұстанады. Астана негізгі жаһандық ойыншылармен өз­ара тиімді ынты­мақ­тастықты дәйек­ті әрі прагматикалық түрде да­мы­­тып, еуразиялық кеңістіктегі өз ұста­нымын нығайтуға ерекше көңіл бөліп отыр. Мұндай теңдестірілген тәсіл мүдделердің тиімді тепе-теңдігін қамтамасыз етеді, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал жасайды, сондай-ақ елдің аймақтық, халықаралық үдерістердегі жауапты, сенімді серіктес ретіндегі рөлін нығайтатынын айтады.

Сарапшының пайымынша, жалпы алғанда, еліміз орта держава ретінде барлық мемлекет пен халық­тардың тең құқылы ынтымақтастығына негізделген тұрақты әрі қауіпсіз әлемдік тәртіпті құруға зор үлес қосып отыр. Бұл ретте еліміздің сыртқы саяси кредосы – «Жаһандануға бет бұрған Әділ Қазақстан» формуласы.

  Гүлнар ЖОЛЖАН,

Egemen Qazaqstan