Облыстық перинаталдық орталығының неонатология ісі жөніндегі бөлім басшысы, неонатолог дәрігер, облыстың штаттан тыс бас неонатологы Хайдарова Ләйлә Бегалықызы 5–17 қазан аралығында Түркия Республикасында кәсіби тағылымдамадан өтті.
Біліктілікті арттыру бағдарламасы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған «Денсаулық сақтау ұйымдары кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау» 005 республикалық бюджеттік бағдарламасы аясында «шетелде оқыту» компоненті бойынша жүзеге асырылды.
Ләйлә Бегалықызы Kocaeli Sağlık ve Teknoloji Üniversitesi медицина университетінің клиникасында «Акушерлік-гинекология және неонатологиядағы қарқынды терапия» тақырыбы бойынша білімін жетілдірді.
Тағылымдаманың мақсаты – неонатология саласындағы қарқынды терапия бойынша мамандардың кәсіби деңгейін арттыру, жаңа туған нәрестелерді диагностикалау мен емдеудегі шетелдік тәжірибемен танысу және перинаталдық күтім жүйесін ұйымдастыру ерекшеліктерін зерделеу болды.
Оқыту бағдарламасы теориялық және практикалық бөлімдерді қамтыды. Теориялық бөлімде шала туған нәрестелерді басқару, неонатологиядағы қарқынды терапия хаттамалары мен заманауи жабдықтарды қолдану тәсілдері қарастырылса, практикалық бөлімде дәрігер клиникалық тексерулерге қатысып, әріптестерімен жағдайларды талқылап, симуляциялық орталықта «Жаңа туған нәрестелерді алғашқы реанимациялау» курсын өтті.
Ләйлә Бегалықызының айтуынша, тағылымдама барысында ол жаңа туған балалардың қарқынды терапиясындағы үздік халықаралық тәжірибелермен танысып, заманауи жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдірді, сондай-ақ Түркияның жетекші мамандарымен кәсіби байланыс орнатты.
Мұндай тәжірибе неонатолог дәрігерлердің кәсіби дамуына, ал облыстағы нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға өз үлесін қосары сөзсіз.
Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы






