2-3 қазан аралығында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау жөніндегі науқанды ұйымдастыру және өткізу шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов инспекциялық сапармен Қызылорда облысына келді.
Инспекциялық сапардың негізгі мақсаты – алдағы әкімдерді тікелей сайлауды өткізетін аудандық сайлау комиссияларына баса назар аудара отырып, өңірлік сайлау органдарына әдістемелік көмек көрсету.
Айта кету керек, 5 қараша күні өтетін сайлау Қызылорда өңірінің Сырдария және Шиелі аудандарында ұйымдастырылады.
Асылбек Смағұлов пилоттық сайлау өтетін екі ауданда орналасқан бірнеше сайлау учаскелерін аралап, іскерлік ойын тәжірибесін бақылап көрді. Онда учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің дауыс беру күні тиісті іс-қимыл алгоритмінің жұмысы көрсетілді. Асылбек Айжарықұлы комиссия мүшелерімен пікірлесіп, сайлау өткізу бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Әсіресе, сайлауды ашық әрі заң талаптарына сай өткізу маңызды міндет екенін алға тартты.
Әрі қарай екі ауданда жергілікті әкімдік және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен семинар-кеңес жұмысына қатысты.
Семинар аясында аудан әкімінің аппарат басшылары сайлаушылар тізімін жасақтау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын баяндаса, құқық қорғау органдарының өкілдері сайлау күні қоғамдық тәртіпті сақтаудың барлық алғышарттары жасалатынын мәлімдеді.
Жиында сайлау науқанының негізгі ерекшеліктері, сайлауды ұйымдастырудан бастап дауыс беру күніне дейінгі сайлау рәсімдері, әкімге кандидаттарды ұсыну және тіркеу тәртібі, сайлау алдындағы үгіт жүргізу, учаскелік сайлау комиссияларының сайлауға дайындық кезеңінде және оны өткізу күніндегі қызметі түсіндірілді.
Іс-шараларға 250-ге жуық комиссия мүшесі қатысты.
Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<