Кеше ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен қаласының 70 жылдық мерекесіне орай Байқоңырға жұмыс сапарымен келіп, «Роскосмос» МК бас директоры Дмитрий Бакановпен кездесті.
Басқосуға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, Ресейден келген делегация, жауапты сала басшылары қатысты.
Кездесуде «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыру барысы, алдағы жоспар талқыланды.
Роман Скляр «Роскосмос» МК бас директорының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Сергей Савельевті ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаса, Дмитрий Баканов ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевке «Космос без границ» медалін табыстады.
Басқосудан кейін қонақтар «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің құрылыс жұмыстарымен арнайы барып танысты.
Айта кетейік, Қызылорда облысының әкімдігі Байқоңыр қаласының объектілерін тиімді пайдалану үшін нысандарды жалдан шығару бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 пәтерлік бес тұрғын үйдің құрылысын аяқтады. Жаңа 7 «А» шағын ауданы құрылды.Қазіргі уақытта тағы бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Қаланың сумен жабдықтау және су бұру желілері жалдан шығарылып, облыстық коммуналдық меншікке беріліп, 11,4 шақырым кәріз желілері жөнделді.
Мұнда қазақстандық 5 мектеп, 5 балабақша, Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қарасты 7 мектеп, 10 балабақша бар.
Кеше сондай-ақ Байқоңырда мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шара Байқоңыр кешеніндегі 14 ұйым мен мекеме ұжымдарының шеруімен басталды. Одан кейін екі елдің Мемлекеттік Гимндері орындалып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің бейнеқұттықтаулары көрсетілді.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.Скляр Байқоңыр – ғарышқа жол ашқан мекен, мерейтой Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықтың, ғылым мен техниканың жетістіктерінің жарқын көрінісі екенін айтты.
Мерекелік шарада қала әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин жиналған жұртшылықты құттықтады. Сондай-ақ, Халықаралық ғарыш станциясының 73-экспедиция мүшелері – ғарышкерлердің арнайы бейнеқұттықтауы ұсынылды.
Мерекеде қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы ерен еңбегі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі бастығының орынбасары Ермек Искаков, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары Николай Адасев,
«Құрмет» орденімен дәрігер Қарасай Нұров, әкімшілік қызметкері Скендір Жарекесов, Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Ғалия Жалғасбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалімен облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Жан Шайхысламов, «Байқоңырэнерго» кәсіпорны бас инженерінің орынбасары Ғалымжан Жұмабаев, «Шапағат» медалімен Аналар кеңесінің төрайымы Кенішкүл Есщанова марапатталды. Сондай-ақ бірнеше адам «Байқоңыр қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды.
Кеш отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертпен жалғасып, отшашумен аяқталды.





