Ортақ жоба нәтижесі

468

0

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген «Gepetto» мұнай технологиялары Корпорациясы АҚ-нің директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Цзэн Биньмен кездесті.

Басқосу барысында Цзэн Биньмен өңір игілігіне бағытталған жоспарлы жобалары туралы баяндап, бірлескен жұмысты бастауға ниетті екенін жеткізді.

«Gepetto» мұнай технологиялары корпорациясы» АҚ мұнай және газ кен орындарының дебитін ұлғайту технологияларын әзірлейтін маманданған кәсіпорын.

Жыл сайын 1500-ден астам ұңғымаға қызмет көрсетіледі, ал өндіру көлемінің жылдық өсімі 30% кем емес.

Қазіргі уақытта компания басшылығы Қызылорда облысында филиал ашуды, Қазақстанның мұнай өндіруші өңірлерінде, яғни Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында мұнай сервистік қызметтер көрсетуді жоспарлауда.

Өз кезегінде компания аймақта жоғары технологиялық әдістерді қолдану есебінен Оңтүстік Торғай бассейнінің сарқылған кен орындарында мұнай өндіру көлемін ұлғайтуды мақсат етті.

Цзэн Биньмен Сыр өңірінде мұнай және газ кен орындарында қолданылатын химиялық реагенттер шығаратын зауыт салу жоспары бар екенін мәлімдеді. Ортақ жобалар нәтижесінде алғашқы кезде өңірге жаңа 100-ге жуық жұмыс орны құрылмақ.

Мүдделі тарап жергілікті жоғарғы оқу орындарымен мамандарды даярлау бағытында да бірлескен жұмыстарға ықпал жасауды сұрады.

Кездесу соңында облыс әкімі айтылған мәселелердің шешімін бірлесіп қолға алуға ниетті екенін, зауыт салуға қажетті жұмыстарға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау болатынын тілге тиек етті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<