Қызылорда облысы ТЖД-не қарасты «Отқа оранған өрендер» ескерткішінің жанындағы саптық алаңда Департаменттің және оған қарасты мекемелердің жеке құрамының қатысуымен «7-мамыр – Отан қорғаушылар күніне» және «9-мамыр – Жеңіс күніне» арналған мерекелік сап түзеу салтанаты болып өтті. Сап түзеу салтанатында сөз Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Саид Молдақараевқа беріліп, ол аталмыш мерекелердің маңыздылығына тоқталды. «Сіздерді шын жүректен Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен құттықтаймын! Ұлы Жеңіс туралы, онда құрбан болған азаматтар, фашизмді жеңгендер, бізге бейбіт өмірді әкелгендер біздің жүрегімізді мәңгі сақталады. Жеңіс күні майданда қаза тапқандарға және бүгінгі күні көзі тірі соғыс ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне тағзым етіп, бас иеміз»,-деді ол.
Өртте қаза болған өрт сөндірушілердің құрметіне «Отқа оранған өрендер» ескерткішіне Департамент қызметкерлерінің гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Шара барысында қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлерден ант қабылдау рәсімі, сонымен бірге озат көрінген мамандарды марапаттау барысы ұйымдастырылды. Дәстүрге сай қызметте озат көрінген қызметкерлерге кезекті әскери атақтары берілді, ведомствалық кеуде белгілері, мақтау қағаздары мен алғыс хаттары табыс етілді. Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Н.Ибрагимов қызметкерлердің мерекелік сап түзеу барысын жүргізді. Мерекелік сап түзеу соңы салтанатты маршпен тәмамдалды.
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<