Отан алдында борышын мінсіз өткерген бозбала университетте тегін оқиды – Қорғаныс министрлігі

480

0

Қорғаныс министрлігі еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жоба бастауды көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аталған жоба мерзімді әскери қызметін өткерген барлық азаматтарға әңгімелесу нәтижелеріне қарай Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын атқарған соң екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Демек, күнтізбе бойынша күзде әскерден келген соң, олар оқуға түсе алады. Ал бұрынғы әскери қызметшілер жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін оқу мүмкіндігіне ие болады.

«Жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі. Мұндай жастарға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай-ақ оқуға түсу мүмкіндігі ұсынылады. Әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жоғары оқу орындарында оқу грантын алу кезінде әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын өтеген балаларына да басымдық

беріледі деп отыр. Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейді», – деп атап өтеді Қорғаныс министрлігінен.

Ведомствоның атап өтуінше, еліміздің барлық өңіріндегі қырыққа жуық жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер беретінін растады.

«Қорғаныс министрлігі тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстарын бастап кетті. Жобаны іске асыру 2023 жылдан басталады. Мұндай жеңілдіктер қазіргі уақытта борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылуға жататын сарбаздарға берілетін болады», – деді министрліктен.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<