Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүрген жас сарбаздардың ата-аналары алғысқа бөленді. Аудандық мәдениет үйінде ауқымды іс-шара өткізіліп, әскери бөлімдерден келген «Алғыс хаттар» ата-аналарға салтанатты түрде табысталды.
Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев әскери міндетті өтеу – қасиетті парыз екеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Отан қорғау – қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет. Халқымыз антына адал, сертіне берік перзенттерін ерекше қадірлейді. Қорғаныс әлеуетімізді арттыру, сарбаздардың дайындығын күшейтіп, оларға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» деп атап көрсетті. Президент тапсырмасымен бүгінде қазақ әскерінің қуаты артып, еліміздің айбынды қорғанына айналды. Құрлықта да, теңізде де, әуеде де біздің сенімді қамалымыз бар. Адамзат баласы ерте заманнан-ақ бейбітшілік үшін күресіп келеді. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін ер баланы білекті ғана емес, жүректі, саналы, намысты етіп тәрбиелеу – әрбіріміздің міндетіміз. Ел үшін туған ерлердің намысты болуы оның алған өнегесіне, тәрбиесіне байланысты екені анық. Осы орайда, бүгінгі Отан алдындағы борышын өтеп жүрген ержүрек сарбаздарымызды тәрбиелеген ата-аналарға шынайы алғысымды білдіреміз, – деді Димаш Серікбайұлы.
Аудан әкімінің орынбасары ата-аналарға «Алғыс хаттарды» табыс етті.
Мұнан соң Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Ғалымжан Алтынбекұлы сөз сөйлеп, әрбір адал перзент Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс екендігін атап, әскери қызметке атсалысып жүрген сырдариялықтарды «Алғыс хатпен» марапаттады.
Іс-шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<