Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткен күні түнде «Қазмедиа орталығының» студиясында экзит-полл нәтижелері таныстырылғаннан кейін мәлімдеме жасады.
– Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да айтып отыр.
– Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы ресми тәртіппен шығарады. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің, Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің керемет үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық жолын таңдады. Бұл – өте жақсы жол. Жаңа Халық Конституциясы елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды. Бұған ешқандай күмән жоқ. Дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұндай жағдай көптен бері болмап еді. Учаскеге келіп, азаматтық ұстанымын анық білдірген баршаға алғыс айтамын. Осы арқылы күллі әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін паш еттік. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Бірлік бар жерде өркендеу бар. Елдің қуаты – бірлікте. Бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Сонда ғана озық, дамыған, бәсекеге қабілетті ел боламыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция – еліміздің темірқазығы.
– Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендік тірегі. Ата Заңымыз – адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып Заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша, бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдайды. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, келер ұрпаққа Өркениетті, Озық Қазақстанды аманат етеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Осы референдум кезінде жастар белсенді түрде сайлауға қатысты. Жастарымызға мың да бір рақмет! Жастарымыздың дауысы, үні өте жақсы естілді. Әрқашан аман болыңыздар! Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін! Жаңа Конституциямыз құтты болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесті. Президент бүгін тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді.
– Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата Заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды.
– Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, креативті индустрия өкілі, кәсіпкер Камиль Байрамов, белсенді жастар Ержан Хамитов пен Нұрбол Серікбай сөз сөйледі.
Жастар бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 1,5 миллионнан аса азамат қатысқанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде қолға алынған өзгерістердің барлығын қолдайтынын айтты.






