Отандық өндірісті қолдау бағытында нақты шаралар қабылданды

275

0

Фото: Жалағаш ауданы

Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілісте облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес отандық өндірісті дамыту мен қолдауға бағытталған нақты шаралар қаралды.

2025 жылға арналған ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бекітілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі – 38,0 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібі – 12,5 млрд теңге, негізгі капиталға салынған инвестиция – 24,4 млрд теңге, бөлшек сауда көлемі – 4,5 млрд теңге болып межеленді. Аталған көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасып, жоспар толық орындалуда.

Аудан әкімі отандық өнім өндіруші кәсіпкерлерді қолдау және олардың өнімдерін кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

«Біздің басты мақсатымыз – отандық өндірісті дамыту арқылы аудан экономикасын нығайту. Жергілікті кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіп, олардың өнімдерін тұтынушыға жеткізуге жағдай жасауымыз керек», – деді А.Ибраимов.

Сонымен қатар, аудан әкімі кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру жұмыстарын үйлестіруді, өнім өндірушілердің тізімін жасап, оларды насихаттауды, сауда орындарымен байланысты күшейтіп, өнім өткізу мүмкіндіктерін қарастыруды, түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді жауапты сала басшыларына жүктеді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі