Отаншылдық рухы жоғары

257

0

Фото: облыс әкімдігі

Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне және 9 Мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты мерекелік шара өтті. Онда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев майдангерлер мен сарбаздарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

– Президентіміз, Қазақстан Қару­лы Күштерінің Жоғарғы Бас Қол­басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекет туған жері үшін аянбай еңбек етіп, әскери қызметке бүкіл ғұмырын арнаған отансүйгіш перзенттерін жан-жақты қолдауға айрықша мән береді. Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу», – деп атап өтті.

Еліміздің аумақтық тұтастығын сақтауда, ұлттық мүддесін қорғауда антына адал, сертіне берік айбынды әскеріміз өзіне жүктелген қастерлі міндетін мүлтіксіз орындауда.

Құқық қорғау органдары қоғамда заң мен тәртіпті, арнаулы қызметтер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.

Құтқарушылар халқымыздың амандығы үшін аянбай тер төгуде. Еліміздің армиясы заманауи қару­мен, озық техникамен қам­тамасыз етіл­ген. Мемлекет тарапынан әс­керилер­ді, құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының қызмет­керлерін әлеу­меттік тұрғыдан жан-жақты қолдауға баса көңіл бөлінген.

Жалпыұлттық бірлік пен саяси тұрақтылықтың нәтижесінде ел сырты жаудан, іші даудан аман болып, мемлекетіміз орнықты дамып келеді. Тәуелсіздігіміз бен байтақ жері­мізді, тыныштығымыз бен бей­біт­шілігімізді қас қақпай күзетіп, хал­қы­мызға қорған болған ұлттық әс­ке­ріміздің мәртебесі асқақтай берсін! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұ­ғырлы болғай! – деді облыс әкімі.

Рәсімде тыл және сала ардагерлері, мамандары «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік меда­лімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кету керек, мереке қар­саңында өңіріміздегі Ұлы Отан соғы­сының 2 ардагері, 1700 тыл еңбеккері Президент Жарлығымен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапат­талды.

Сонымен қатар, 5 мамыр күні Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мем­­­лекеттік награ­да­лар, жоғары әскери атақтар, сыныптық шендер тапсыру рә­сімінде жер­лесіміз Рахымов Ар­ман Тас­темір­ұлына сы­бай­лас жем­­қор­лыққа қар­сы қыз­метінің ге­нерал-ма­йоры арнаулы ата­ғын берді.