Отбасы банк екінші деңгейлі банк болып қала береді

1162

0

Сурет: Отбасы банк

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң қабылданса, кезекте тұрғандардың тізімдері екінші деңгейлі банк функцияларын сақтай отыра, Даму институтына айналатын Отбасы банк ішінен құрылатын «Баспанамен қамтамасыз ету» орталығына тапсырылады.

«Банктің функциялары кеңейеді. Ол тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыратын екінші деңгейлі банк болып қала береді. Қазақстандықтар бұрынғыдай еліміздегі ең қолжетімді кредит алу үшін депозитте ақша жинап, жинақтарына түсетін банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақыны алуын жалғастырады. Мәжіліс депутаттарының талабы бойынша банк даму институты бола тұра, реттеуші органдар – Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің қарамағында қалады. Олар Отбасы банкке қатысты бақылау және қадағалау функцияларын сақтайды. Банк сондай-ақ Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының қатысушысы болып қала береді. Бұл клиенттердің барлық депозиттері мемлекеттің сенімді қорғауында екенін білдіреді», – деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Заң жобасына сәйкес, 646 мың адамнан тұратын жергілікті атқарушы органдардың кезектер тізімі Отбасы банкіне беріледі.

Ағымдағы дерекқорда тіркеу тоқтатылады. Бұл ретте Отбасы банк ішінен жекелеген санаттарға жататындығына қарамастан, барлық азаматтар тіркеле алатын «Баспанамен қамтамасыз ету» орталығы құрылады.

Әрбір өтінішке отбасының сандық портреті жасалады. Онда мұқтаж азаматтың отбасылық жағдайының барлық ерекшеліктерін толық есепке алуға мүмкіндік беретін кіріс, мүлік, активтері туралы ақпарат болады. «Баспанамен қамтамасыз ету орталығы» мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген бірыңғай ақпараттық база болады. Бұл орталықты құру бір терезе қағидасын қолдануға мүмкіндік береді.

Бұл ретте кезекке тұрушы азаматтар туралы ақпаратты жаңарту үшін заң жобасында тоқсанына кемінде бір рет кезектерді түгендеу көзделген.

Бүгінде 2,7 миллион қазақстандық болашақта баспана алу үшін банкте қаражат жинап отыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыру барысында банк 490 мың қазақстандық отбасының қоныс тойын тойлауына көмектесті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<