Этнограф-ғалым Тәттігүл Картаеваның «Сыр-Арал этнографиясы» атты зерттеу еңбегінде ХІХ-ХХ ғасыр басында Сырдария өзенінің төменгі ағысын, Арал теңізінің шығыс, солтүстік шығыс жағалауын мекен еткен ата-бабаларымыздың өмір салты сипатталған. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде осы еңбектің «Отбасылық дәстүрлер» деп аталатын тарауынан қонақ күтудің ерекшеліктері туралы ықшамдап ұсынып отырмыз. Уақыт бәрін өзгертеді, бірақ қазақтың қонақжайлық дәстүрі, онда ескерілетін әрбір ғұрып – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан басты құндылық.
Сыр-Арал өңірінде отбасылық дәстүрдің ерекшелігі қонақ күтуден, бала тәрбиесінен, келін тәрбиесінен, абысын татулығынан, ағайынгершілік қарым-қатынастан көрініс табады.
Қонақасы беру екі мағынада қолданылады. Біріншісі, қонаққа арнап берілетін ас, екіншісі өлікті жөнелткенде жылын, асын бергенде және келін түсіру тойында құда-жекжаттар күтілетін күн, оларға арнап тартылатын ас. Сыр өңірінде екінші мағынасы кеңінен қолданылады.
Қазақтар жол-жөнекей тоқтаған құдайы қонаққа ерекше мән берген. Түркістан мұғалімдер семинариясының мұғалімі Қ.Қостанаев 1890 жылдары Сыр қазақтары арасында тараған «Қонақсыз үйге қолқаң болмасын», «Бір күн нан-тұз татқан адамыңа, қырық күн бас и» деген мақалдарды жазып алған. Келген қонақты төрге шығарып, арнап соятын малды киіз үйдің ішіне алып келіп өзінен бата сұраған.
Жол-жөнекей немесе аяқасты келген қонаққа қазақтар құдайы қонақ, яғни құдайдың берген сыйы деп қараған. Құдайы қонақты қой сойып, жылы сөзбен қарсы алған.
Х.Арғынбаев қазақтың қонақжайлылық дәстүріне келесідей баға берген: «Төңкеріске дейінгі көшпелі қазақ өмірінде қонағуарлық дәстүрдің ерекше сипатта болуына әсерін тигізетін жағдайдың бірі – құдайы қонақтың айналада болып жатқан үлкенді-кішілі оқиғалардың бірден-бір хабаршысы болуы. Қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең сахарасында көшіп жүретін ауылдар ел ішіндегі жаңалықтардың бәрін ең алдымен ел аралап жүрген жолаушылардан ғана еститін. Сондықтан қонақ түскен үйге ауыл адамдары шақыртпай-ақ келіп әңгіме тыңдап, алуан түрлі жаңалықтардан хабар тапқан. Мұндай хабарлар бір ауылдан екінші ауылға өте тез тарап, қазақ оны «ұзынқұлақ» деп атаған».
Қонақжайлылық – қазақ отбасындағы ерекше абзал қасиет. Қонақ күту дәстүрінен аймақтық ерекшеліктер де байқалады. Қазақстанның шығыс өңірінде табақ тартылғанда қонақ өзі етті турап, басқаларға ұсынуы керек. Ал Сыр-Аралда дәстүр бойынша табақ тартуға табақшы жастарды сайлап қояды. Табақ тартылғаннан кейін үй иесінің өзі немесе қызмет жасап жүрген ағайыны, яки дастарқан басында отырғандардың жасы кішісі ет турауы керек. Жілікті бірінші қонаққа ұсынады. Ет табаққа турап қойылған қонақтың үлкеніне «ал, алдырыңыз» дейді. Қонақтың үлкені табаққа қол салғасын, «ал, алыңдар» деген соң басқалары дәм татуға кіріседі. Бұл – үлкенді сыйлаудың реті. Сыр өңірінде қонақ күтудегі «табақ тарту» қағидасы қатаң сақталады. Бас табақ төрде отырған сыйлы немесе жасы үлкен адамның алдына тартылады. Қалғандары кіші табақ деп аталып, астың соңына қарай бас табақтан кіші табаққа сыбаға-сарқыт салынады.
Құдайы тамақ беру. Сыр-Арал қазақтары арасында «құдажол» беру делінеді, яғни құдайдың жолына деп атап берілетін ас. Құдайжол әдетте бір қауіп-қатерден аман-есен өткенде, баласын әскерге аттандырғанда, баласы әскерден келгенде беріледі. Құдайжолға арнап әдетте шақырылған адамның санына қарай бір сиыр немесе екі-үш қой сояды, тамақ желінеді, табақ дастарқаннан әкетілген соң, аруақтарға арнап Құран оқытылады. Құдайжолға ауыл адамдары, көрші-көлем шақырылады.
Той өткеру. Қазақтар тойды қандай да бір жақсылыққа, қуанышқа арнап жасайды, ер баланы сүндетке отырғызғанда, қыз ұзатқанда, келін түсіргенде той жасалады. Сыр өңіріндегі байырғы қазақтардың той беру жайында жазба деректерге қалдырған авторлар ретінде Г.Загряжский, Н.Калмаков, Н.Гродеков, Ә.Диваев, Қ.Қостанаевтың жазбаларына сүйенеміз, авторлар қатары сирек болғанымен, олардың деректерінің ғылыми қарымдылығы жоғары. Н.Калмаков ауқатты қазақтардың той өткеруі жайында келесідей баяндайды: «Жазық алаңға 100-200 киіз үй тігіліп, шалғай ауылдардан қонақтар күтеді. Ауыл старшындары, би-болыстар бас қоса қалса, 300-400 шақырым шалғайдағы тойға қалай қамданып жатқандарын сөз етеді. Шақырылған меймандар тігілген киіз үйлерге қай руға жататынына қарай жайғасады».
Сыр өңірінде қалыптасқан дәстүр бойынша, той қамына кірісу кеңес құрудан басталады. Кеңесте әулеттегілер тойға шақырушы тағайындайды, тойдың күнін белгілейді. Н.Калмаков дерегіне сүйенсек, кеңес құру – байырғы кезеңнен бар дәстүр. Той әдетте екі күнге созылады. Бірінші күні кешкісін құда-жекжаттарға арнап қонағасы беріледі, екінші күні ағайын-туған, көрші-көлем, дос-жарандар шақырылады.
Сыр бойы қазақтары арасында ертеден қазіргі кезге дейін жалғасып келе жатқан дәстүр – той болып жатқан күндері бәйге беру, көкпар тарту. Ойын-тойда 40 шақырымға дейінгі қашықтық арасында ат жарыс, бәйге ұйымдастырылған. Бәйгеге 5000 рубльден 10000 рубльге дейін тігілген. Көкпар тартушылар көкпарға деп белгіленген мүшені, яғни қозы немесе марқаны үй алдына әкеп тастайды, үй иесі шашу беріп қайтарады.
Қой сою. Сыр өңірінде қонаққа арналған қойды бүтіндей үйітіп сою бағалы саналады. Ол үшін қой терісі етінен сыдырылмай, ішек-қарны алынған соң, отқа қақталады.
Бас тарту. Кәде, жиын-той, аста, қонақ күткенде, сойылған малдың басын қадірлі адамға тартады. Қойдың басы піскен соң қасқалдақтап тартылады. Қасқалдақтау – қойдың басын піскен соң маңдайынан тілу ырымы. Қасқалдақтау ұқыптылықты қажет етеді, сондықтан бас сүйегі ырсыйып қатты көрінбеу үшін ептілікпен қасқалдақтайды.
Сыр-Арал қазақтары қонаққа бас тартқанда оң жақ құлағын кесіп алып қалып, оны өз балаларының кішісіне береді де, қонаққа оң құлақсыз тартады. Бұл ырысым, несібем өз үйімде, өз босағамда қалсын деген ырымнан туындаған. Оң құлақтың орнын жілік толтырады, яғни бастың қасына жамбас сияқты кәделі жілік қосады. Сыр-Арал қазақтары қай малдың басы болмасын тісін қағып алып тастап барып асады. Тісі қағылмаған басты асу арам саналады. Ал Жетісу, Шығыс, Моңғолия қазақтары мал басының тісін қақпай асады. Шығыс қазақтарының бастың тісін қақпауы – бас тартылған қонақ тісіне қарап жас мал сойылды ма, кәрі мал сойылды ма, соны аңғарады деп түсіндіреді.
Бас тартылған адам әуелі тұмсығынан кесіп отқа салып, одан кейін бастан өзі ауыз тиеді. «Құлағың сақ болсын» деп, құлағын сол баласына немесе келініне береді. Көзін «көзімдей бол» деп жақын тартқан адамына, таңдайын сөзге шебер деген адамға немесе дәм татып отырған үйдің қызына ұсынады. Құйқасын кесіп жағалай үлестіреді. Қазақта басты әкесі тірі адам ұстамайды деген ырым бар. Бұл жөнінде Ә.Диваев: «Қазақтарда қойдың әрбір сүйегін қызметіне қарай бөлу әдеті қалыптасқан. Осындай бөлініс кезінде бас үлкен адамға тиеді. Әкесі бар адам алдында өз әкесі сияқты үлкен адам болғандықтан басты пайдалана алмайды», – дейді. Бұл үлкенді сыйлау әдебін көрсетеді, әкең тұрғанда әкеңнен үлкенсініп бас ұстау әдепсіздікті танытады. Бұл дәстүр қазір де жалғасын тауып отыр.
Қой сойып асқанда қонаққа ет тартудың да, жілік таратудың да өзіндік тәртібі бар. Қонақтардың ретіне қарай үлкеніне бас немесе жамбас, одан кейінгісіне де жамбас, үшіншісіне ортан жілік, төртіншісіне асық жілік, одан кейінгісіне жауырын ұсынады.
Ал жылқы, сиыр сияқты малдардың басын екіге жарып барып асады. Оны шеке асу дейді. Соғым сойған үй ағайын-туыстарды, үлкен кісілерді шекеге шақырып, Құран оқытады.
Асату. Ас жеп болған соң, қонақтың үлкені табақта қалған астан асату дәстүрін жасаған. Асату – Сыр өңірі қазақтары арасында осы күні де сақталып отырған дәстүр. Асату әдетте үлкен ер адамның қолынан үлкен табақтан, яғни бас табақтан дастарқан басында отырған өзінен кішілерге жасалады. Уысына еттің қамыры, еті, майынан аузына сиятындай етіп, жинап алып асатады, кішілер қалыптасқан әдет бойынша асатудан бас тартпайды, етті асар кезінде ер адамдар «құлдық» деп айтады. Бұл өзінен үлкенге құрмет көрсеткені, рақмет айтқаны. Ал жасы кіші келіндерге «асатқаным» деп үлкен табақтан ене-абысындарының бірі ыдысқа сыбаға бөліп береді. Келін орнынан тұрып дастарқан басындағы ет асатқан адамға арнап сәлем салады.
Бата беру. Сыр-Арал қазақтары арасында тамақтан соң бата беру дәстүрі ас қайыру деп аталады. Ас қайыратын кезде дастарқан басында отырған ер адамдардың бірі үлкен кісіге қарап, «ал, жарылқатып жіберіңіз» немесе «жарылқатыңыз» дейді. Той-томалақта, қонақ шақырғанда ас қайыру кезінде дастарқан басындағы жасы үлкен, құрметті адам бата бергенде үй иесі, отбасының басқа мүшелері батаны екі қолын жайып, есік аузында түрегеліп тұрып қабылдайды. Батаны есік аузында тұрып қабылдау да тек осы Сыр-Арал өңірінде кездесетін ерекшелік, бұл бата берген қарияға деген құрметті білдіреді. Қазақ жерінің көптеген өңірлерінде бата бергенде отбасы мүшелері орнынан тұрып, есік алдында тізіліп тұру дәстүрі кездеспейді. Сыр-Арал қазақтары арасында жасы үлкен адам әрбір жақсылық игі істерге бата беріп отырады.






