Отбасындағы зомбылық: «111» нөмірі шұғыл желілер қатарына қосылды

447

0

Фото: Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевадан

Отбасындағы зорлық-зомбылық пен балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселелеріне арналған «111» бірыңғай байланыс орталығы шұғыл нөмірлер қатарына енгізілді, деп хабарлайды Кazinform. 

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева және «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек үшжақты меморандумге қол қойды.

Келісімге сәйкес, «111» нөмірі «101», «102» және «103» шұғыл нөмірлерімен қатар бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына айналып, әрбір азамат үшін тәулік бойы және тегін көмек береді.

Бұған дейін 16 қазаннан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына арналған «111 — «Amanat» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылғанын жазған болатынбыз.

«Жалпы, «111 – «Amanat» шұғыл қызметі партия бастамасымен осыдан үш жыл бұрын жүзеге асып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген жоба. Оның мақсаты тұрмыстық өткір мәселелердің алдын алу болатын. Осы уақыт аралығында жылдам желі 40 мыңнан астам отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетті.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы мәселені шешу үшін бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыруды және зорлық-зомбылыққа, қысымға тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын.

Бұл меморандум Президент тапсырмасын орындаудағы қадамдардың бірі. Қоғам игілігі үшін партиялық деңгейде қызмет етекен «111 – «Amanat» нөмірі енді мемлекеттік деңгейде үздіксіз қызмет ететін болады», – деп жазды Д.Зәкиева әлеуметтік желіде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<