Отырғызылған сексеуілді мал жаппай жеп жатыр

753

0

Аралды құтқару халықаралық қоры теңіз түбі мен маңын көгалдандыру мақсатында отырғызылған сексеуіл және басқа да ағаштарды малдар жаппай жеп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылдары мал жаюда тиісті ережелерді сақтамаудың салдарынан ауылдық елді мекендердің айналасындағы жерлердің тозуы жиі байқалады. Арал теңізіндегі жасыл белдеуге отырғызылған сексеуіл және басқа да ағаштарды жақын маңдағы елді мекендердің үй малы жаппай жеп жатыр», – деді Аралды құтқару халықаралық қоры директорының орынбасары Марат Нарбаев «ECOJER» ІІ халықаралық экологиялық конгресінде.

Оның айтуынша, Арал теңізін қайта қалпына келтіруде су ресурсымен қатар көгалдандыру да маңызды.

«Жоғарыда айтылған проблемаға байланысты фитомелиорация және шалғайдағы жайылым айналымын қалпына келтіру жөніндегі жұмысты жандандыру керек. Сондай-ақ климаттың өзгеруінің жаһандық процесін ескере отырып, мал шаруашылығы кластерін дамыту қажет. Бүгінде елімізде шамамен 187 млн га жерді құрайтын жайылымдық жер бар», – дейді ол.

Еске сала кетейік, Арал теңізінің тартылып қалған жерлерін көгалдандыру мақсатында биыл көктемде 3 млн 600 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылды. Сондай-ақ жыл бойы Арал теңізі түбінде 250 мың га жерге сексеуіл отырғызылмақ. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлаған еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<