ОҚУШЫЛАР ҒАЛЫМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

299

0

«Бүгінгідей жаhандану жағдайында мемлекет пен адам озық, бәсекеге сай болу үшін, ең бірінші білім мен ғылым өркендеуі қажет.»
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған осы сөзі, оның ішінде білім ізіндегі жүрген жастарды қанаттандырып қана қоймай үлкен міндетті жүктеп тұрғаны анық. Дамыған елдердің қатарында иық тірестіруге бар күш – жігерін жұмсайтын еліміздің қарыштап қадам басып келе жатқаны, еліміздегі білім-ғылымның күн санап дамып жатқандығының айғағы.
Бүгінгі алған білімді, ертең ел игілігіне жұмсау үшінде, аға буын мен әр түрлі саланы меңгерген майталмандардың бағыт-бағдары қажет-ақ. Осы орайда Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен кездесті. Арнайы жоспарланған кездесудің басты мақсаты, ғылыми зерттеу институты мен білім ошағының арасындағы өзара әріптестік байланысты одан әрі дамыту және еліміздегі, жалпы аймағымыздағы ғалым қызметкерлердің жұмысын тереңінен танып-білу, олардың маңыздылығын насихаттау.
Мектепке алғаш келген қонақтар алдымен ғимаратты аралап көріп ондағы дәрісханалардың, лабораториялық кабинеттердің жұмысымен танысты. Онан соң мәжіліс залында оқушылармен сұрақ-жауап форматында әңгімеге көшті. Жалпы, «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» терең тарихқа ие. 1933 жылы негізі қаланған институттың негізгі атқаратын жұмысы орасан зор және әр түрлі бағытта. Мәселен, күріш селекциясы, тұқым шаруашылығы, егіншілік, көкөніс шаруашылығы және бақша өсіру, топырақ құнарлығы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын экология-экономикалық сараптау және патенттеу, мал шаруашылығы сонымен қатар институтта ғылымды өндірістік және техникалық қамтамасыз ету бөлімдері және консалтинг орталығы бар және т.б.көптеген бағыттағы жұмыстарды қамтиды.  
Кездесу барысында оқушылар мамандарға Қазақстандағы ғылымның дамуы қаншалықты жақсы нәтижеге ие екендігі және институт ғалымдарының ашқан жаңалықтары, дәнді – дақылдардың жаңа түрлерін қалай ойлап табатыны туралы, сонымен қатар ауылшаруашылығы саласындағы инновациялық жаңа технологиялар турасындағы сауалдарға тұщымды жауаптар алды. Және әңгіме барысында оқушыларға, келген қонақтар ауыл шаруашылығы мамандықтарының қыр-сырын, артықшылықтарын айтып, болашақта мамандық таңдаудағы қажетті бағыт-бағдар берді. Келелі кездесудің түйінінде екі тарап меморандум жасап, әріптестік байланысты күшейте түсетіндігіне уағдаласты.

 
 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<