Облыстық тарихи-өлкетану музейінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Сыр елі және ХХІ ғасыр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында «Тарих толқынында» атты танымдық экскурсия өтті. Оған қаладағы №6 мектептің 7-8 сынып оқушылары қатысты.
Шараның мақсаты – жастарды туған өлке тарихындағы тұлғалар өмірімен таныстырып, олардың бойынан ұлттық құндылықтарымызға, туған жерге, Отанға, төл тарихымызға деген мақтаныш сезімін оятуға, тарихымызды зерттеп, зерделеуге баулу болып табылды.
Экскурсия барысында оқушылар Сыр елінің киелі жерлері, тарихи орындар жайлы мәлімет алып, ата-бабамыз пайдаланған құнды заттарды, батырлар қаруларын көріп, тарихи аңыздар жайлы білді. Музей қызметкері оқшыларға музейде орналасқан барлық экспонаттар жайында айтып берді. Олар да өз кезегінде көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап алды. Солардың бірі 8-сынып оқушысы Айғаным Қуанышбек. Ол тек тарихтан оқып білген дүниелерін өз көзімен көргенін қуанышпен жеткізді. Алдағы уақытта да музейге жиі келетінін айтты.
Сондай-ақ, экскурсия кезінде оқушылар археологиялық құнды жәдігерлермен танысып, ата-бабадан мол мұра болып, бүгінгі күнге жеткен дүниелерді көрді. Ежелгі қалалардың суретінен дайындалған шағын көрмені тамашалады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<