Қызылорда қаласындағы Ә.Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейінде «Қозғалыстың жас инспекторы» дәстүрлі сайыс өткізілді. Жас инспекторлардың облыстық ХVІІІ слетіне аудандарда бақ сынасып, ортасынан оза шапқан мектеп оқушылары қатысты.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова слеттің ашылуында сөз сөйлеп, білімді балаларға ақ жол тіледі. «Қозғалыстың жас инспекторларына 45 жыл толып отыр. «Біз мерекені игі істермен құрметтейміз» тақырыбы аясында өткізіліп отырған шараның мақсаты облыс аймағындағы жолдарда, балалар мен жасөспірімдерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын ескерту бойынша жұмыстарды жетілдіру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне мүдделі ведомоствалардың, ұйымдардың және жұртшылықтың назарын аудару болып табылады» – деді ол.
Сегіз топтан құралған, 12-14 жас аралығындағы жас инспекторлар сегіз сайыс бойынша сынға түсті.
Жарыста жан-жақтылық танытып, тапсырманы мүлтіксіз орындаған Ә.Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейінің «Жас ұлан» тобы І орынды иеленді. Бұл жас топ алдағы уақытта өтетін республикалық жарыста облыс намысын қорғайтын болады.
ІІ орынды Арал ауданы Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектеп оқушыларынан құралған топ иеленсе, жүлделі ІІІ орынды Қармақшы ауданы, Төретам ауылынан келген №279 орта мектеп оқушылары жеңіп алды.
Маржан НҰРХАНҚЫЗЫ,
ҚМУ-дің студенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<