Еліміз бойынша күріштің түгелге жуығын өсіріп отырған Қызылорда облысының диқандары биыл да қырманды қызыл дәнге толтырмақ. Ала жаздай кетпен асынып, атыз жағалап, бел жазбай еңбек еткен олар қандай құрметке де лайық.
Ауыр болса да абыройлы жолға ширек ғасыр бұрын бет бұрып, ел ырысын еселеуге үлес қосып жүргендердің бірі – Сырдария ауданы Шаған ауылының тұрғыны Кенжетай Омаров. Ол облыс орталығынан 60 шақырым қашықта орналасқан берекелі елді мекенде туып-өсті. Сондағы №37 орта мектепте білім алып, оны тәмамдаған соң ауылдағы ірі шаруашылық – «Шаған-Жер» серіктестігіне жұмысшы болып орналасты. Міне, содан бері дала төсінде еңбек дүбірін қыздырып жүр.
– Күріш егудің қиындығы көп. Көктемде егіп болған соң суға бастырамыз, уақытылы суын ауыстырып отыру қажет. Шаруашылықта негізгі дақылдың бірнеше сорты егіледі. Соның ішінде «Маршал», «Лидер», «Янтарь» жоғары сұранысқа ие. Олардың бір-бірінен айырмашылығы, «Маршал» ауруға төзімді болса, «Лидер» керісінше. Дегенмен, халық сүйсініп жейтін сорт болған соң жылда қалдырмай егеміз, – дейді Кенжетай Омаров.

«Шаған-Жер» – Кеңес одағы кезінде Сыр салысынан рекордтық өнім жинап, «күріш фабрикасы» атанған ірі шаруашылық. Бес мыңдай адам тұратын ауыл халқының белгілі бір бөлігі осы серіктестікте еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Өңіріміз аграрлық аймақ ретінде күріш өндірісі бойынша басты орында тұрғанын ескерсек, шаруашылықтың қамбаны астыққа толтырудағы үлесі аз емес. Күріш жинау маусымы басталғалы бері егінді ысырапсыз жинау мақсатында ауыл еңбеккерлері бір тынған жоқ. Соңғы жылдары су тапшылығын шағанжерліктер де сезінді. Дегенмен, биылғы өнім көлемі жылдағыдан кем болмайды деген үміт бар. Шаруашылықта қиындығы мол тірлікті жауаптылықпен атқарып, күріштен өнім алуда рекорд орнатқан диқандар жетерлік. Кейіпкеріміз де солардың қатарында бұған дейін бірнеше мәрте озат күрішші болды. Биыл да сол рекордтық жолын қайталамақ.
– Егінді төкпей-шашпай жинап алудағы тағы бір талап – техникалық базаның сақадай сай болуы шарт. Осыны ескерген серіктестік басшылығы бірер жыл бұрын жерді тегістеуге, егін егуге, оны жинауға мүмкіндік беретін қуатты техникалар сатып алды. Бұл бізге жұмысты жылдам әрі сапалы атқаруға көмектеседі, – дейді диқан.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





