Пайдалануға берілген нысандардың жағдайын зерделеу тапсырылды

5

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, күн тәртібінде жаңадан салынған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қазіргі жай-күйін зерделеу мәселесі талқыланды, сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.

«Жұмыс тобымен бірге облыс аумағындағы пайдалануға берілген барлық нысанның жағдайын қайта зерделеп, анықталған кемшіліктерді шұғыл қалпына келтіріңіздер. Кепілдік мерзімі бойынша мердігер мекемелерге ақауларды жөндетіп, әрі қарай күтіп ұсталуын тұрақты бақылау керек.

Бұдан бөлек, соңғы жылдары салынған жолдардың, пайдалануға берілген саябақтар, ойын алаңдары, газ, ауыз су жүйелерінің барлығын тексеріп шығыңыздар. Құрылыс алаңдарының сыртқы қоршауларының да талапқа сәйкестігін бақылау керек», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, аймақта тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытына басымдық берілгендіктен, 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. 2023 жылдан бері барлық ауданда алғаш рет 1800-ге жуық пәтер тұрғындарға берілді. Өткен жылы 3600 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд. 785 млн. теңге бөлінді. Кезекте тұрған тұрғындарға 2 392 пәтер табыстау үшін 57 млрд. 440 млн. теңге жоспарланған.

Ерекше атап өту қажет, былтырдан бері Қызылорда қаласында заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі