ПАРТИЯ БЕЛСЕНДІЛЕРІ МЕН «ҰЛЫ ДАЛА» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

118

0

Фото:

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов партияның белсенді мүшелерін және партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған жас ақындар мен жазушылар арасындағы аймақтық «Ұлы дала» шығармашылық байқауы жеңімпаздарын марапаттады.

Партия филиалының төрағасы алдымен партияның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түрлі әлеуметтік жобаларға ұйытқы болған, ел ішінде татулық пен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосып келе жатқан білім, мәдениет, қаржы, әділет салаларындағы партия белсенділерін Конституция күнімен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.

Партия төрағасы өз сөзінде: «Конституция – еліміздің тәуелсіздігі мен демократиялық дамуының тірегі. Осы маңызды күні партиямыздың қоғамдағы тұрақтылық пен әділдік жолында аянбай еңбек етіп жүрген белсенді мүшелерін ерекше атап өтіп, алғыс білдіру – заңдылық. Сіздердің еңбектеріңіз еліміздің болашағына сіңіп жатыр», – деді.

Мұнан соң партия төрағасы «Ұлы дала» шығармашылық байқауы жеңімпаздарын арнайы алғыс хаттар және қаржылай сыйлықтармен марапаттады.

Атап өтейік «Ұлы дала» шығармашылық байқауы жас ақындар мен жазушыларды қолдауға бағытталған. Өткен жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылса, биыл Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. Қатысушылар «Поэзия», «Проза» және «Балаларға арналған шығарма» номинациялары бойынша сынға түсті. Байқауға келіп түскен жұмыстарды жергілікті ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған байқау комиссиясы анықтады.

Байқау қорытындысымен «Поэзия» жанры бойынша жүлделі ІІІ орынмен Қосшыңырау ауылдық округ әкімдігінде жетекші маман-заңгері, ақын-жазушы Айбану Қалиева, ІІ орынмен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының мүшесі, Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Тұрар Бекмырзаев және І орынмен «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі, республикалық «Қалам мен ғалам» поэтикалық дуэлінің жеңімпазы, «Күміс қалам-2022» республикалық жас ақындар байқауының үшінші орын иегері Аружан Оралбай марапталды.

«Проза» жанры бойынша жүлделі ІІІ орынмен «Халық» газеті бас редакторының орынбасары-жауапты хатшы және inbusiness.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рыскелді Жахман, ІІ орынмен облыстық жыр-мүшайларының жүлдегері Дәулет Қаһарман және І орынды ҚР Журналистер Одағының мүшесі, республикалық, облыстық шығармашылық конкурстардың жүлдегері Адина Ұзақбаева иеленді.

«Балаларға арналған шығарма» жанры бойынша ІІІ орынды облыстық мүшайра мен шығармашылық конкурстардың жүлдегері, жас ақын Бақытжан Серікбай, ІІ орынды «Өскен Өңір» газетінің тілшісі, «Үздік жас журналист – 2023» номинациясының иегері Айнұр Ибрашева иеленсе, жүлделі бірінші орын №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Махаббат Сайымоваға бұйырды.