Партия филиалының төрағасы білім ордасының жұмысымен танысты

382

0

Фото: Аманат партиясы

«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында балалардың еш кедергісіз білім алуына ерекше назар аударылған. Атап айтқанда білім нысандарының құрылысын жүргізу, білім беру ұйымдарының ғимараттарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, 2 жастан 6 жасқа дейін балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, физика, химия, биология, STEM пәндік кабинеттерімен қамтамасыз етілген негізгі және орта мектептердің үлесін арттыруға ықпал ету.

Бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов қаладағы Б.Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп –лицейінде болып, оқушылардың сапалы білім алуына жасалған жағдайлармен танысты.

№278 ІТ мектеп –лицейі 900 оқушыға арналған. Мектеп ғимаратында 42 оқу кабинеті, 270 орындық акт залы, 50 орынды кітапхана, спорт зал және 300 орындық асхана бар. Оқушылардың компьютерлік сауаттылығын арттыру үшін 3 компьютер кабинеті, 1-STEM.1-химия, 1-физика және 2 биология кабинеттері, қашықтықтан оқытуды жетілдіру мақсатында интерактивті тақталар кабинеттерге орналастырылған.

Атап өтерлігі білім ордасында жоғарғы сынып оқушыларының жалпы орта білім алуымен қатар, белгілі бір мамандық бойынша қабілетіне сай кәсіппен айналысуына жағдай жасау, кәсіпкерлік қызмет негіздерін меңгеруіне көмек көрсету, келешек мамандығын таңдауға бағытталған «Кәсіпкерлік мектебі» пилоттық жобасы қолға алынған. Бұл үшін мектеп-лицей ұжымы «Қызылорда қызмет көрсету және сервис», М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледждерімен ынтымақтастық меморандумға отырған.

Бүгінде кәсіптік даярлау мақсатында аспазшы, тігінші, «В» санаты бойынша жүргізуші курстары ашылып, мамандар даярлауда. Сандарды сөйлетер болсақ, 2021-2022 оқу жылында 12 тігінші, 12 аспазшы және 28 жүргізуші біліктілігі бойынша барлығы 52 оқушы оқу курсын аяқтаған.

«Осының негізінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарынан жүргізуші куәлігін алып, көлік басқарып жүрген түлектер де бар», – дейді мектеп директоры Эльмира Азатбаева.

Білім ордасы жұмысымен танысқан филиал төрағасы өңірімізде білім саласының дамуына еселі еңбек етіп, ұлт болашағын тәрбиелеуге зор үлес қосып отырған ұжым қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.