Павлодарда балабақша тәрбиешілеріне қойылатын талаптар қоғамда талқылануда, деп хабарлайды Alash.kz
Павлодар қаласында мектепке дейінгі білім беру мекемесі қызметкерлерінің еңбек жағдайына қатысты әлеуметтік желіде наразылық білдірілді. Шағым иесінің мәлімдеуінше, балабақша әкімшілігі тәрбиешілерді Instagram желісіне апта сайын бейнеконтент дайындауға, түрлі байқауларға қатысуға және қосымша әкімшілік құжаттарды (мониторингтер мен циклограммалар) толтыруға міндеттейді. Сонымен қатар педагогтардың мерекелік сценарийлер жазуға және әріптестерінің орнын басуға мәжбүр екені айтылған.
Жарияланымда бұл жүктеменің артуы тәрбиешілердің тікелей кәсіби міндеті — бала тәрбиесіне бөлетін уақытын айтарлықтай шектейтіні атап көрсетілген. Шағымда педагогтардың мерекелік іс-шараларға қажетті материалдарды сатып алуды және құжаттарды басып шығаруды өз қаражаты есебінен жүргізетіні туралы ақпарат берілген. Автор ықтимал қысымнан қауіптеніп, білім беру мекемесінің нөмірін ашық көрсетуден бас тартқан.
Желі қолданушылары бұл жағдайды білім беру жүйесіндегі рейтинг қуу мен есеп берудің шамадан тыс көбеюінің салдары деп бағалауда. Пікір білдірушілер педагогтардың жұмыс жүктемесін заңды түрде азайтуды және мамандардың өз құқықтарын қорғау белсенділігін арттыру қажеттігін алға тартты.
Бұл мәселе бұған дейін де мемлекеттік деңгейде көтерілген болатын. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов педагогтарды әлеуметтік желілерді жүргізуге мәжбүрлеу тәжірибесіне түбегейлі қарсылық білдіріп, мұндай бастамалардың тек ерікті түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін мәлімдеген еді.






