Павлодарда скутер мінген 9-сыныптың екі оқушысы көз жұмды

572

0

Фото: Болат Аманбаевтың жеке парақшасынан

Павлодар тас жолында екі жасөспірім қаза болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Cкутер КамАЗ көлігімен соқтығысқан.

Облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, жол апаты Павлодар-Ақсу жолында болған.

103 қызметінің хабарлауынша, қоңырау 5 маусым күні сағат 16:54-те түскен. Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы барған.

Оқиға орнында дәрігерлер 15 жастағы баланың қаза болғанын анықтады. Тағы бір 15 жастағы жәбірленуші ауыр жарақатпен No1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Кейін оның аурухана қабырғасында қайтыс болғаны белгілі болды.

– Бір сәтте екі жас қыршынынан қиылды. Оқиға Ақсудан Ертіс өзені үстімен Павлодарға апаратын көпірде болған. 9-сыныпта оқитын екі жасөспірім мінген скутер жолда тоқтап тұрған КАМАЗ көлігіне соғылады. Жүк көлігі жол жөндейтін компанияға тиесілі екен. Қатты соққыдан арттағы бала оқиға болған жерде қайтып кетті. Ал скутер тізгініндегі жасөспірім ауруханада көз жұмды, – деп жазады жергілікті журналист Болат Аманбаев. 

Оқиғаның нақты себебі тергеу амалдарынан кейін белгілі болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<