Шығыс Қазақстан облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернат педагогтерінің арызы бойынша тексеру жүргізілді деп хабарлады turkystan.kz іnform.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде Өскеменде орналасқан №8 арнайы мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне аз мөлшерде және дәмсіз тамақ берілетіндігі туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ, онда интернат басшылығының педагогтерден ақша жинағаны, ғимарат ішінің суықтығы, тұрмыстық химия заттарының тапшылығы айтылған.
Аталған фактіге орай, ШҚО Білім басқармасы тексеру жүргізді. Басқарма мамандары мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Өскемен қалалық ұйымы өкілдері тарапынан жұмыс тобы құрылған.
«Интернат қызметкерлері бізге арыз түсірген. Тексеру қорытындысы бойынша интернаттағы балалардың құқықтары бұзылмағаны анықталды. Бірақ, шағымдардың бір бөлігі расталды. Атап айтқанда, бояу алу үшін еңбек ұжымынан ақша жиналған. Осыған байланысты директордың міндетін атқарушы жауапкершілікке тартылады», – дейді облыстық Білім басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және арнайы білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжаз Бошақова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<