Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды

278

0

Фото: әлеуметтік желіден

Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қоғамдық қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдікке ілініп отыр.

«Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астана қаласындағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» (тұрақ орындарын қоса алғанда), Sensata Plaza ТК, сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлік, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автомобильдері бұғатталды. Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киім, аяқкиім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленді», – деп жазылған хабарламада.

Тәркіленген мүлік заттай дәлелдемелер ретінде танылған. Тергеу жалғасып жатыр.

Агенттік Перизат Қайраттың қаражатының, жылжымайтын мүлкінің (оның ішінде үшінші тұлғаларға рәсімделген) орналасқан жері туралы ақпаратты білетіндерден Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе +7 (7172) 70-84-78, 70-84-79 (қосымша нөмірі: 21384) телефон нөмірі бойынша хабарласуды сұрады.

Call-center: 1458

Айта кетейік, Перизат Қайрат – Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<