Перуде толассыз жауған жаңбыр мен лай көшкін 20-дан астам адамның өмірін қиды. Табиғи апаттан елдің барлық провинциясы зардап шекті, деп хабарлайды БЕЛТА.
Мыңдаған тұрғын сыртқы әлеммен байланысын үзіп, жарықсыз қалды. Тас араласқан тасқын су мен лай көшкінге адамдар ағып кетті. Эвакуацияға үлгергендер өздерімен бірге кішкентай үй жануарлары мен бірнеше затын ғана ала алды. Ондаған отбасы баспанасыз қалды. Тұрғын үйлер қоқыс астында қалып, жолдар қирады.
Қазір құтқарушылар мен тұрғындар үйінділерді тазалап, үйлер мен көшелерді лайдан тазартып жатыр. Елде барлығы 167 жол қирап, тасқын су 20 шақырым тас жолды толығымен шайып кетті.
Чилидің астанасы Сантьягода да қатты жаңбыр жауып, су тасқынына ұласты. Табиғи апат қаланың бірнеше ауданында көлік қозғалысын толығымен тоқтатты. Электр желілерін су шайып, сымдар үзілгеннен кейін бүкіл аудан жарықсыз қалды.
Еске сала кетейік, былтыр Индонезияда табиғи апат салдарынан 900-ден астам адам мерт болды.






