Перзент сүймей адамның мейірі қанбас

54

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, бала – өмірдің мәні, ұрпақ жалғасы.  Алайда бала сүю бақытын кеш сезінген немесе бір перзентке зар болып жүрген отбасы қаншама?! Оған бүгінгі экстракорпоральді ұрықтандыру көмегіне жүгінетіндер қатарының көптігі дәлел бола алады.

Жалпы экстракорпоральді ұрықтандыру (латын тілінен extra – сырттан тыс және лат. corpus – дене, яғни денеден тыс ұрықтану) – бедеулік кезінде тиімді әрі жиі пайдаланылатын қосалқы репродуктивті техно­логия әдісі. Сәби сүюге зар болып жүрген кез келген ерлі-за­йыпты  барлық қиындықты ең­серуге тырысады. Ал ЭКҰ жа­сатуға келгенде олар тіпті пси­хо­логиялық, моральдық күй­зеліске түсетіні анық.

Оны же­ңіп, бір шешімге келгеннен ке­йінгі кедергі – әрине, ақша мәсе­лесі. Ер мен әйелдің емделу процесінен бастап, бала сүюге дейінгі аралықта 800 мың – 1,2 млн теңгеге дейін шығын шыға­тынын айтады дәрігерлер. Кейде тіпті жұмсалатын қаржы көлемі 1,5 млн теңгеден де асып кетеді екен. Қарапайым отбасылар үшін бұл ақшаны жинау оңай емес. Сол себепті мемлекеттен жыл сайын арнайы квота бөлінеді.

2019 жылы республика бо­йынша бөлінген квота саны не­бәрі  900, 2018 жылы да осы ша­малас болған. Ал оған дейін бөлінген квота саны бұдан да аз. Квотаның аз болуынан  қан­шама отбасы жылдап кезек күтуіне тура келді. Осыны ескер­ген Мемлекет басшысы 2021 жылы елімізде «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іс­ке қосуды тапсырды.  Осының негі­зінде бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін артты. Осылайша қосалқы репродуктивті технологиялар көмегімен отбасылық-демографиялық проблемалар­ды шешуге жәрдемдесу бағытын­дағы бұл бағдарлама перзент сүю бақыты бұйырмай жүрген талай ерлі-зайыптының үмітін жалғап, аңсаған арманының орын­далуына сеп болуда.

Біздің елімізде 2010 жылдан бері ғана жасанды жолмен ұрық­тандыруға квота бөліне бастағаны белгілі. Облыс­тық ден­саулық сақтау басқарма­сы­ның мәліметі бойынша, Қызыл­орда облысына 2015 жылы  34, 2016 жылы  35,  2017 жылы  38, 2018 жылы  38, 2019 жылы  36, 2020 жылы  44 квота қаралса, 2021 жылы  281, 2022 жылы  277,   2023 жылы  274, былтыр  270 квота бөлінген. Осылайша 2015 жылдан бастап есептегенде бе­рілген квота саны  8 есеге өскен.

– Былтыр 270 квота бөлі­ніп, толықтай игерілді. Оның ішін­де 65,9%-ында, яғни 178 жағ­дайда жүктілік тіркеліп, 38,2%-да (68 жағдай) түсікпен аяқ­талды, өкінішке орай 31,5%-да (85 әйелде) жүктілік нәти­же бермеді. 178 жүктіліктің тір­келуі – өте жақсы нәтиже. Дүние­жүзілік Денсаулық сақтау ұйы­мының статистикасына сәй­кес 30-40 пайыз жүктілік тір­келсе, бұл ЭКҰ-ның тиімді жүргі­зіл­гені деп бағаланады. Былтыр ЭКҰ арқылы 92 бала туып, 3 отба­сында егіз сәби дүниеге келді. Ал  51 әйел қазіргі кезде жүкті. Биыл «Аңсаған сәби» бағ­дарламасы бойынша 310 квота бөлініп, 285 әйел жолданып, орындалу үлесі  91,9%-ды құрап отыр. Бүгінгі күні  455 отбасы квота кезегін күтуде, – дейді об­лыстық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова.

Облыс бойынша ұрпақ өрбі­ту жасындағы әйелдер саны –   174 931,  6320 бедеу отбасы бар. Бе­деуліктің 60,4%-ы (3819),  әйел­дерге қатысты болса, ерлер 39,6% (2501).

– Кезекте тұрған отбасы­лар­дың барлығы өңірлік комиссияда қаралып, қолданыстағы бұй­рықтарға сәйкес жолданады. Бағдарлама шеңберінде ЭКҰ циклдерін мониторингтеу, пациент­тердің құжаттарын қа­былдау және комиссияға ұсынуды басқарма жүргізеді. Бас­қар­маның бұйрығына сәйкес, па­циенттерге квота бөлуді талдау және ұрықтандыруға жол­дама беруді шешу үшін арнайы комиссия құрылған. Комиссия құрамында облыс әкімі жа­нын­дағы әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық сая­сат жөніндегі комиссия хатшысы, қоғамдық қорлардың үй­лес­тіру­шілері, білікті акушер-гинеколог, уролог мамандар бар, – деп атап өтті Мая Миран­бай­қызы.

Айта кету керек,  бағдарла­маны әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шең­берінде қаржыландырады. ЭКҰ-ға жолдама алу үшін тір­кел­ген жері бойынша емха­наға жүгіну қажет. Мамандар па­циентті бедеулігі бар дис­­пан­серлік пациенттердің электрон­­дық тіркеліміне қо­сады жә­не бірқатар тексеру та­ға­йын­дай­­ды. 12 ай ішінде ем­хана­ның бейінді маманның қо­ры­тын­­дысы негізінде пациент­тің құ­жаттары жоғары техно­ло­гия­лық медициналық қыз­мет­тер жөніндегі жергілікті ко­мис­сияға жіберіледі. Оң ше­шім қабыл­данған жағдайда, әйел «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеліп, рәсім­ге дайын­дала бас­тайды. Пациент экстра­корпо­ральдық ұрықтандыру үшін кли­никаны өз бетінше таңдауға құқылы.

«Перзент сүймей адамның мейірі қанбас» деп ұлы Абай атамыз айтпақшы, шаңырақты шаттыққа бөлеп, өмірдің мәні мен сәні болар сәбилер дүниеге келіп, ұрпақ жалғасқанға не жетсін!

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»