Пеш пен мұржаны уланып қалмау үшін қаншалықты жиі тазарту керек

735

0

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары көмірқышқыл газымен уланып қалмас үшін пеш пен мұржаны қаншалықты жиі тазарту керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде жылыту маусымы басталғалы бері пеш жағып отырған жер үйлерде 80-ге жуық өрт болды. Көміртегі тотығынан 13 адам уланып, ауруханаға жатқызылған. Осы ретте, құтқарушылар пеш пен түтін мұржасын қаншалықты жиі тазалау қажеттігін түсіндірді.

«Қазақстан Республикасының өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес, түтін мұржалары мен пештерді тазарту жылыту маусымы басталғанға дейін және үш айда бір рет жүргізілуі тиіс. Жалпы мұржа пен пештің тазалауды қажет ететінін түсіну аса қиын емес. Түтін мұржасы бітеліп қалғандығын, от жаққан кезде жалынның нашар тартылуынан немесе өздігінен сөнуінен байқауға болады. Сондай-ақ пештегі жалынның түсі қызғылт сары болып, от жанғанда жағымсыз иіс сезілуі мүмкін. Пешті әкпен үнемі ағартып отыру қажет. Ақ фонда түтін шығып жатқан қауіпті жер бірден көрінеді», – дейді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Құтқарушылар биылғы жылыту маусымында қауіпсіздік мақсатында 168 000 үйді аралап шықты. Нәтижесінде, жылыту жүйелерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 21 000 фактісі тіркелді. Мамандардың түсіндіру жұмыстарының арқасында пеш жағып отырған 7900-ден астам үйде бұзушылықтар жойылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<