«Pfizer компаниясы вакцина алғандарды қашықтан бақылауға патент алды» – фейк

319

0

Фото: Pixabay

Instagram-дағы аккаунттардың бірінде Pfizer компаниясы вакциналанған адамдардың байланыс ортасын қашықтан бақылауға патент алғаны жөнінде жазды. Жарияланым авторының айтуынша, 18,5 мыңнан астам осындай патентке бүгінде Спутник, Moderna және өзге де фармацевтикалық компаниялар ие. Мақсат – адамзатты ортақ «серверге» қосу. Stopfake.kz-тің анықтауынша, бұл – жалған.

Антиваксерлер бұған дейін де COVID-19 қарсы вакциналарда наночиптер болады деген теорияны алға тартқан болатын. Олардың пікірінше, вакцина алған адамдардың өмірін бақылап, қадағалау көзделген. Фактчекерлер бұл ақпаратты бірнеше реет жоққа шығарған еді.

Бұл жолы ұсынылып отырған ақпаратқа келсек, патентті Pfizer компаниясы тіркемеген. Оны Майер Фенстер мен Гал Эрлих есімді азаматтар рәсімдеген. Олар Израильдегі Ehrlich and Fenster компаниясының патенттік сенім білдірілген тұлғалары.

Құжаттың дәрі-дәрмектер мен вакциналар шығаруға ешқандай қатысы жоқ. Өнертабыс 2021 жылдың 31 тамызында рәсімделген. Ал идеяның өзі 2020 жылдың көктемінде, коронавируске қарсы вакциналар әлі шықпаған кезде пайда болған.

Атап айтқанда, өнертапқыштар Bluetooth арқылы ең коммуникативті адамдарды анықтауды ұсынған. Бұл әлеуметтік желілерде ең көп оқырманы бар адамдар, демек олар нақты өмірде де адамдармен белсенді араласады. Гал Эрлихтің айтуынша, вирустың таралуын болдырмау үшін алдымен, осындай адамдарды егу тиімді болар еді.

«Адамдарды бақылау процесі электронды құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылған. Бірақ ешқандай да ішкі электронды құрылғылар емес, сыртқы. Патентті мұқият оқып шықсаңыз, онда адамның бойындағы чиптер емес, ұялы телефондар туралы жазылғанын түсінесіз. Демек, Pfizer компаниясында вакциналанған адамдардың байланыс ортасын бақылауға мүмкіндік беретін патент жоқ. Жарияланымда патент деректері бұрмаланған және ол оқырмандарды шатастырады», – делінген Stopfake.kz мәліметінде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<