Полиция қағазбастылықтан босатылып жатыр – министрлік

478

0

Сурет ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Шыңғыс Алекешев полиция жұмысындағы негізгі өзгерістер жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қызметкерлерді қағазбастылықтан босатып жатырмыз. Бұл ретте олар өздерінің негізгі міндеттеріне назар аудара алады. Мәселен, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста учаскелік инспектор жұмыс істейді. Талдау барасында инспектордың жұмыс уақытының көп бөлігі шамадан тыс қағазбастылыққа жұмсалғаны анықталды. Осының салдарынан полицейдің профилактикалық жұмыстарға уақыты болмайды», – деді Ш.Алекешев министрлікте өткен апталық брифингіде.

Оның айтуынша, осы мәселені ескере отырып, 10 журнал мен тіркеу жасаудың 6 құжатын, екі статистикалық есепті және 5 рапортты цифрландыру туралы шешім қабылданды.

«Патрульдік полицейлерге қатысты осындай қадамдар жасалды. Бұрын бір ауысымдағы қызметкерлерді алмастыруға бір сағат уақыт кететін. Автокөлікке қай жерде әрі қашан жанармай құю, жөндеу, көлік жуу орындарында кезек күту сияқты мәселелерді патрульдің өзі атқарып келген. Осындай әрекеттер кезінде қала көшелері патрульсіз қалатын. Атап айтқанда, көлікке қатысты мәселелермен полицейлер айналыспауы керек. Сондықтан біз бұл сала бойынша ауқымды жаңғыртуды бастадық», – деді департамент өкілі.

Осы ретте жағылған отынды есептейтін электронды-карталық жүйе енгізілді. Қызметтік көліктерді жөндеу бойынша тиісті талаптар бекітілді. Сонымен қатар, заманауи автокөлік жуу орындары бекітілді.

«Мұның барлығы қызметкерлердің басты назары азаматтармен сапалы жұмыс істеуге бағытталуы үшін жасалып отыр. Патрульдік полиция қызметкерлері шақырту болған жерге жедел жетіп, қылмыскерлерді жедел ұстап, қаладағы тәртіпті тәулік бойы қамтамасыз етеді», – деді Ш.Алекешев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<