Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына түрткі болған «Невада-Семей» халықаралық ядролық жарылыстарға қарсы қозғалысының құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай, Ақмешіт филиал музейі полигон зардабын жоюға қатысқан ардагерлермен «Невада-Семей қозғалысына – 30 жыл» атты кездесу өткізді.
Мақсаты – адамзат баласына зор қауіп төндірген полигон зардаптарын жоюға атсалысқан ардагерлердің еңбектерін жас ұрпаққа дәріптеп таныстыру. Кездесуге «Невада-Семей» қозғалысына қатысқан ардагерлер Мантенов Рақымжан, Искандарова Ольга, Оңғаров Қасым, Тоқтыбаев Мэлс, Жүсіпұлы Ақайдар, Ерғабылов Жанұзақ, Досмағамбетов Мұрат және М.Ә.Сужиков атындағы №6 орта мектептің 8 сынып оқушылары қатысты. Кездесу соңы экскурсиямен жалғасты.





