Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, халық қолдаған жағдайда Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталатынын мәлімдеді.
Президент Ата заңда еліміздің зайырлы мемлекет екенін айқындайтын нормаларды сақтап қана қоймай, оларды күшейте түсу қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция заман талабына сай болуы тиіс, себебі ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі қарқынды әрі үздіксіз дамып келеді.
Мемлекет басшысы жоғары технологиялардың азаматтардың күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер етіп отырғанын айтты. Осыған байланысты елдегі цифрландыру үдерісінің институционалдық және құқықтық негізі Конституцияда нақты көрініс табуы қажет екенін жеткізді.
Сонымен қатар Президент Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректерінің заңмен қорғалатыны анық жазылуы тиіс деп санайтынын баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жарты жылға жуық уақыт бойы жүргізілген талқылаулар мен пікірталастар нәтижесінде конституциялық реформаның жалпы сұлбасы қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Осы кезеңде реформаға қатысты негізгі ұстанымдар айқындалып, халықтан келіп түскен ұсыныстар тиісті арналар арқылы мұқият сараланған.
Президенттің айтуынша, ойға қонымды әрі маңызды бастамалар барынша ескерілді. Егер бұл өзгерістер халықтың қолдауына ие болса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады.






